Астана. 29 желтоқсан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенат отырысына қатысып, Конституциялық сот төрағасын тағайындады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Президент Конституциялық соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Әзімованы ұсынды. Ол қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілген.
«Эльвира Әбілхасымқызы – тәжірибелі, білікті маман. Заң шығару жұмысын, халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт әділет министрлігінде еңбек етті. 2019 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Сіздерден Эльвира Әзімованы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатып, Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындауға келісім беруді сұраймын», – деді мемлекет басшысы.
Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.
Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрағасы лауазымына тағайындалды.