Астана. 22 қазан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы президенті Владимир Путинге Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай құттықтау хат жолдады. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қзыметі хабарлады.
«Кейінгі онжылдықта екі мемлекет берік достық пен тату көршілікке, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген стратегиялық серіктестік пен шынайы одақтастық қатынас орнатты. Қазақстан мен Ресейдің үлгілі ынтымақтастығының қазіргі деңгейі Сіздің Ресей мемлекетінің басшысы ретіндегі зор үлесіңіздің арқасында мүмкін болды», – делінген хабарламада.
Президент екі елдің сауда-экономикалық серіктесі, Қазақстанның жетекші инвесторларының бірі екенін атап өтті. Әртүрлі саладағы бірлескен ірі жобалардың сәтті жүзеге асырылуы өңіраралық диалогтың кеңеюіне және жан-жақты ынтымақтастықтың тереңдеуіне ықпал етеді.
«Қазақстан мен Ресей көпжақты платформаларда, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктер аясында тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл мемлекеттердің ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келеді», – деп жазды Тоқаев.