Астана. 12 қазан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәниге шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс айтты.
«Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қолжеткіземіз. Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Тоқаев.
Қатар Әмірі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
«Жоғары мәртебелі президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінгі мемлекеттік сапар аясында маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықтарды бүгін талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту. Бүгін біз кеңейтілген құрамда министерлердің қатысуымен осы мәселелерді жан-жақты қарастырамыз. Сондай-ақ ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдіремін», – деді Қатар Әмірі.