Нұр-Сұлтан. 5 маусым. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумда дауыс берді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ол елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан N59 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Дауыс бергеннен кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізіп, қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтады.
"Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған", – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, қазақстандықтар референдумда түзетулерге «мақұл» немесе «қарсы» дауыс береді.
Референдумда 11,7 миллионнан астам Қазақстан азаматы дауыс бере алады. Елде барлығы 10 мыңнан астам референдум өткізу орны құрылды. Шетелде 65 сайлау учаскесі әлемнің 52 елінде жұмыс істеуде.
Референдумға тізімдерге енгізілген азаматтардың жартысынан көбі қатысса, референдум өтті деп танылады. Референдум өткізуге 16,4 млрд теңге бөлінді.