Алматы. 30 желтоқсан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы шахматтан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Бибісара Асаубаеваны құттықтады. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан блиц бойынша әйелдер арасында әлем чемпионы атанған даңқты шахматшы Бибісара Асаубаеваны құттықтады. Мемлекет басшысы екінші рет қатарынан алтын медаль иеленген Бибісараның жеңісі оның асқан шеберлігі мен ерен ерік-жігерін тағы бір рет паш еткенін атап өтті», – делінген хабарламада.
Президенттің айтуынша, әлемдік сайыстағы отандық спортшылардың осындай елеулі жетістіктері елімізді интеллектуал ұлт ретінде танытып, Қазақстанда шахмат спортының дәріптелуіне ықпал етеді және мыңдаған жас өрендерді жігерлендіреді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваға әлемдік шахмат аренасында жарқын жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді.