Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысымен не жайында сөйлесті?
Алматы. 20 тамыз. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің биылғы 7 айдағы жұмыстарының негізгі нәтижелері мен ведомствоны қайта құру шараларын ұйымдастыру туралы баяндалды.
Алик Шпекбаев Президентке Агенттік құрылымында жаңадан құрылған 5 департамент: алдын алу, парасаттылық, серіктестік, квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу департаменттерінің жаңадан құрылғаны жөнінде мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын қызметінен босату институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізуді қайта қалпына келтіру, мемлекеттік қызметшілердің заңсыз баюы, кіріс және шығыс декларацияларын жариялау жауапкершілігі жөніндегі шаралардың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Германия экономикасы Шығыс комитетінің бұрынғы төрағасы, «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры Клаус Мангольдпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.
Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы неміс бизнесінің өкілдерімен өзара ықпалдастықты нығайтудың маңыздылығына назар аударды. Жыл соңында Германияда қазақ-неміс кәсіпкерлерінің қатысуымен ірі бизнес-форум ұйымдастыру жоспарлануда.