Алматы. 1 ақпан. 7kun.kz — Қазақстанның қор биржасындағы ЦентрКредит банктің қағаздары Цеснабанкпен бірігуі мүмкін деген ақпараттан соң күрт қымбаттады.
2 ақпандағы сауда қорытындысы бойынша KASE эмитентінің бағалы қағаздары 11,4 пайызға қымбаттап, 185 теңгені құрады.
KASE тізіміндегі тағы да 5 акция сауданы жасыл аймақта аяқтады.
Ең үлкен өсім KAZ Minerals (+8,3%) компаниясына тиесілі. Оның қағаздары 2 мың теңгеден асып түсті.
"ҚазМұнайГаз" Барлау және өндіру" компаниясының қағаздары да +1,3% жоғарылап, сауда соңында акияның құны 20 мың теңгеге тұрақтады.
Сонымен қатар, "ҚазТрансОйл" (+1,8%), KEGOC (+0,04%) және Халық банк (+0,1%) сауданы жасыл аймақта аяқтады.
Тек Kcell (-1,1%) және "БАСТ-тың" (-0,4%) акциялары аздап арзандады.
Ал Лондон Қор биржасында отандық құнды қағаздар сауда күнін әртүрлі жағдайда жапты. Мұнда, керісінше, KAZ Minerals (+3,59%) пен Kcell-дің (+2,82%) акциялары жасыл аймақта, ал Халық банк пен "ҚазМұнайГаз" Барлау және өндіру" қызыл аймақта қалып қойды.
Осыған дейін 7 күн хабарлағандай, БЦК акциясының 41,93%-на ие кореялық Kookmin Bank бұл үлесті Бақытбек Байсейітов, «Цесна банк» АҚ, «Цесна қаржы холдингі» АҚ-нан құрылған үштікке сатуға келіскен еді.
Анықтама
Kookmin Bank - Оңтүстік Кореядағы актив көлемі мен нарықтық капиталдандыру бойынша ең ірі банктердің бірі. Кореялық банк БЦК-ның 23% үлесін 2008 жылы сатып алған еді. 2010 жылы үлесін 42% ұлғайтқан. Оның 30% жәй, 10% артықшылығы бар акциялар. Қазіргі кезде кореялық банкке БЦК-тың 41,9% тиеселі. Koreatimes.co.kr сайтының мәліметінше, бұл үлесті сатып алуға 939,2 млрд вон жұмсаған.
Ұлттық банктің 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтеріне сәйкес, БЦК актвиі 1,3 трлн теңге, қарыз портфелі - 889,6 млрд теңге, міндеттемелері - 1,2 трлн теңге, пайдасы - 3,1 млрд теңге, ал банктегі мерзімі 90 күннен асып кеткен кредиттердің үлесі - 8,95%.