Қаржы секторындағы 2017 жылдың басты тренді цифрлық банктерді құру болмақ. Мұны BI Intellegence дайындаған «Жекелеген банктердің цифрлық дезинтеграциясы» есеп-баяндамасынан көруге болады. Бүгінде дәстүрлі банктерге қарағанда, цифрлық банктредің ашылуы туралы ақпаратты жиі кездестіріп жүрміз. Зерттеушілер соңғы жағдай уақыттың ағымына бағынбайды, бүгін болмаса ертең қазіргі банктердің бейнесі түбегейлі өзгереді дейді.
Тіпті, бұл процесс басталып та кетті. Алыстан арбаламай-ақ, Қазақстанның өзінде Халық банк өзінің еншілесі Altyn Bank негізінде цифрлық банк жасап шығарды. Көптеген ірі қаржылық институттар бұл үрдісті белсенді жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, банк нарығына шығуға интернет-стартапта тәжірибесі бар жекелеген тұлғалар мен қаржы-техникалық компаниялар ниет білдіріп отыр. Елімізде де дәстүрлі банктерге ұқсас цифрлық банктерді жасап шығаратын бірнеше ойыншылар кездеседі. Әлемде мобильді және цифрлық бактердің нарыққа келуі жайлы Капитал.kz апталығының шолуын ұсынамыз.
Италия
UniCredit-тің италиандық тобы өткен жылдың қысында buddybank атты онлайн-банктің 2017 жылдың басында ашылатынын жариялаған еді. Buddy ағылшын тілінен аударғанда "дос" деген мағына береді. Бұл необанк Италиядан бөлек Еуропа мен АҚШ және Африканы бағындырмақ. Банк директоры Анджело Д’Алесандро buddybank - инновация мен диджитализация саласындағы басты стратегиялық элемент дейді. Сервис клиенттерге банктердің үш түрлі дәстүрлі өнімін ұсынады: ағымдық шоттар, дебетті және кредит карталары, кредиттер. Сонымен бірге, телефон немесе чат арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін консьерж-сервис. Консьерж рестораннан үстелге тапсырыс беруге, такси шағыруға, саяхатты алдын-ала жоспарлауға көмектеседі. Алғашы бес жылда бұл mobile-only-необанк Италиядан 5 миллион клиент жинауды, ал 3 жыл ішінде өзін ақтау үшін 300 мың клиент тартуды көздеп отыр.
БАӘ
Commercial Bank of Dubai былтыр жариялаған CBD NOW мобильді банкінің сайтында: «ХХІ ғасырда XV ғасырлық банктердің моделімен жұмыс істеу мүмкін емес. Өткен күндегі банк ісітерімен қоштасып, бүгінмен өмір сүріңіз», - делінген. CBD NOW миллениалдар (1981 ж. кейін дүниеге келген адамдар) мен мобильді құрылғыларды белсенді пайдаланатын аудиторияға арналған. CBD банк тобының бас менеджері Мюррей Симстің айтуынша, жаңа цифрлық банктің ашылуы банк пен клиент арасындағы қарым-қатынасты өзгертуі мүмкін: «Бұл – банк қызметін толықтай цифрлық тәсілге ауыстыратын дамудың келесі кезеңі». CBD NOW клиенттерін «Біздің #BuildYourBank өз банкіңді құр атты саяхатымыздың мүшесі бол», - деп шақырады.
Индия
Мемлекет ең үлкен акционері болып саналатын Индияның мемлекеттік банкі (SBI) алдағы 3-6 ай мерзім ішінде елдегі алғашқы цифрлық банкті таныстырады. Бұл туралы Futurebanking порталы хабарлады. Индиялық банк бұл жоба туралы ресми пікір айтпағанымен, Economic Times индиялық басылымының анонимді дереккөзі: «Біз толықтай цифрлық банк жасап шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ол жерде ешқандай қызметкер клиентпен жүзбе-жүз байланыс жасамайды. Ал барлық транзакциялар мобильді қосымшалар мен интернет-банкинг арқылы жүзеге асырылады», - деп бұл ақпаратты растап отыр.
Ұлыбритания
Британияда алдағы Brexit келісімдеріне қарамастан, цифрлық бакін құруға деген қызғушылық артып келеді. Биыл мұнда бірден бірнеше цифрлық банк таныстырылатын болады. Оның ішінде 2016 жылдың соңында лицензия алған ClearBank те бар. Бұл – WorldPay-дің бұрынғы басшысы Ник Огденнің жаңа жобасы. Ол өзінің LinkedInn желісіндегі парақшасында «Мен әрдайым инновациялардың басында жүретін кәсіпкер болғаныма қуанамын», - деп жазды.
«Банк ісінің болашағы зор. Банк ісінің болашағы өркениетті». Бұл – Англияның тағы бір необанкі CivillisedBank-тің ұраны. Оның ашылуы туралы Growth Business UK порталы өткен жылдың ортасында жариялаған еді. Банктің негізгі аудиториясы – ШОБ өкілдері. Банк оларға есептік және жинақтық шоттар мен төлемдер, депозиттер, овердрафт, валюта айырбасы, инвестиция мен кредиттер ұсынбақ.
Сонымен қатар, 2016 жылдың жазында Британия қаржы реттеуішінің лицензиясына ие болған тағы бір необанк ол - Starling Bank. Бұл қаржы институтының ұраны - «Сізбен қатар жүретін банк». Оның негізін қалаған Allied Irish Banks-тің экс-басшысы Анна Боден. Ол әлемді саяхаттап жүріп, технология саласындағы жаңа өнімдермен танысады. Бұл өз кезегінде банкке жаңа құралдарды енгізуге себеп болған. StarlingBank бір ғана қызмет ұсынады – есеп шоттар мен төлемдер.
Франция
Францияда ұялы оператор Orange осы жылы өзінің Orange атты онлайн-банкін ашпақ. Бұл қаржы институты мобильді банкингпен айналысатын болады.
Кейіннен Испания мен Бельгияда да бұл қызмет қолжетімді болмақ. Клиенттер банкке мобильді қосымша немесе сайт арқылы және Orange-тің 140 бөлімшелерінің бірінен қосыла алады. Банк ұсыныстарының ішіне ағымдық және жинақтық шот, кредит пен төлемдер кіреді. Банк қызметтері толықтай виртуалды болады деп жоспарланып отыр. Ал бөлімшелері тек сақтандыру түрлерін сатуға негізделмек. 2018 жылға қарай Orange қаржылық қызмет көрсетуден 400 млн еуро табыс табуды көздеп отыр.
Германия
Осы жылдың көктемінде Германияда алғашқы Penta деп аталатын цифрлық банк ашылады. Оның басты мақсаты - компанияға сапалы қызмет көрсету. Банктің қызметтерін Германия мен Францияның кәсіпкерлері пайдалана алады. 2016 жылдың ақпанынан бері банкті 4 адамнан құралған топ жасап жатыр. Жоспар бойынша шот ашу процесі 10 минут, ал картаны алу 2 күн уақыт алады. Депозиттер мен кредит беру әлі қарастырылмаған. Қаржылық қызметтерден бөлек, Penta өз клиенттеріне жалақыны есептеу мен бухгалтерияны жүргізу және мәліметтерді сараптауға арналған бағдарлама ұсынатын болады. Қосымшаға клиент өзге банктегі қаржы тарихын енгізе алады. Бірақ банк лицензия алуды жоспарлап отырған жоқ және Fidor банкімен серіктестік қатынас орнатқан деген де мәлімет бар.
Қытай
Xiaomi смартфондарын шығаратын Қытайлық өндіруші өткен жылы Sichuan XW Bank деп аталатын цифрлық банк ашуды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Банктің мақсатты аудиториясы – шағын бизнесмендер мен жек тұлғалар. Жыл соңында Reuters агенттігі Xiaomi тарапынан жасалған бұл қадамды бизнесті әртараптандыру деп санады.
(Дереккөздер: ЛIГАБiзнесIнформ, Bankir.ru, Reuters, Bloomberg, Банки.ру, Banks.eu, Bankir.ru, psm7.com)