Түркістан облысы. 16 қараша. 7kun.kz – Түркістан облысында таныстарының атынан жасырын несие алған әйел анықталды, деп хабарлайды 7kun.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атына белгісіз біреу банктердің бірінен кредит алған. Келтірілген шығын көлемі – бір миллион теңге. Бұл туралы жәбірленуші арадан бір айдай уақыт өткен соң банктен кредитіңізді төлеңіз деп хабар келгенде бір-ақ біледі. Содан тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек беруін сұраған.
Аталған жайт ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Жинақталған ақпарат нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдікті анықталды. Ол жәбірленушінің танысы, жергілікті жас әйел болып шықты.
Күдікті келіншек жәбірленушіні жұмысқа кіргізіп беремін деп оның құжаттарын суретке түсіріп алған. Содан жәбірленушінің жеке мәліметтерін пайдаланып, атынан тауарлық несие шығарған. Бұдан бөлек аталмыш әйелдің тағы екі алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Онда күдікті әріптесі мен туысының құжаттарын түрлі сылтаумен алып, олардың аттарынан әрқайсына бір миллион теңгеден несие алған.
Күдікті әйел қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.