Түркістан облысы. 13 тамыз. 7kun.kz – 13 тамызда түнгі уақытта Түлкібас аудандық полиция бөліміне жылқыларды қағу дерегі бойынша хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды 7kun.kz.
Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісі Түлкібас ауданына қарасты “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” тас жолының 611-ші шақырымында үш жылқыны қағып, мерт қылған.
«Оқиға орнында бірден жеткен полицейлер Түркістан қаласынан Алматыға қарай бағыт алған көліктің алдынан жолдың сол жақ бетінен бірнеше жылқы атып шығып, жол апаты орын алғанын анықтады. Салдарынан көлік жүргізушісі мен бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Көлік ішінде төрт адам болған, оның бірі кәмелет жасқа толмаған бала.
Адам шығыны жоқ, тек көлікке залал келген. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, мал иелері іздестірілуде.