Түрік компаниялары Қазақстандағы өндірістік жобаларға 147 млн доллардан астам инвестиция салады. Бұл туралы Стамбулда өткен қазақ-түрік бизнес-форумында белгілі болды.
Инвестиция және даму министрлігіндегі инвестиция бойынша комитеттің мәліметінше, 20-ға жуық түрік компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдірген. Олардың жартысы жобаларды іске асыруға келісіп қойған, келесі жартысы келіссөздер жүргізіп жатыр.
Нақтырақ айтқанда, елімізде құрылыс материалдарын және тағамдық қоспалар өндіретін зауыт іске қосылады. "Астана-жаңа қала" еркін сауда экономикалық аймағында түріктің Swissgrow Tarim Gida Ambalaj компаниясының қатысуымен минералды органикалық кешенді тыңайтқыштар өндірісі басталады. Инвестиция көлемі -2,5 млн доллар, ашылатын жаңа жұмыс орны - 25.
Қазақстандық Karazhal Mining Company-мен түркиялық Akfel Investment-тің әріптестігі арқылы Оңтүстік Қазақстан облысында қуаты 50 МВт жаңа күн электр станциясы салынады. Ал отандық "Каспиан Бизнеc Девелопмент" және түркиялық Armatas Маңғыстау облысында синтетикалық цеолит өндіруге ниетті. Қажетті материалдың 90 пайызға жуығы жергілікті шикізаттан алынады. Аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемі 12 млн долларды құрайды, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркиялық Tades Gida кәсіпорны Павлодар облысында ұн өндірісін жолға қоюға қызығушылық танытып отыр. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Компания облыс әкімдігімен меморандумға қол қойды. Жобаның алдын-ала құны - 50 млн доллар, ашылатын жұмыс орны - 200.
Сондай-ақ, екі жақты компаниялардың серіктестігі нәтижесінде пластик бұйымдарға арналған химикат, резеңкетехникалық өнімдер өндіру және басқа да жобалар бойынша кәсіпорындар пайда болады.