Экономика
Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр - Назарбаев
Астана. 30 желтоқсан. 7kun.kz - Қуандық Бишімбаев Ұлттық экономика министрі қызметіннен "Бәйтерек" холдингіндегі қызметі бойынша туындаған мәселелерге байланысты босатылды. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев министрлік жетекшілерімен кездесу кезінде мәлімдеді.
«Ұлттық Экономика министрі Қуандық Бишімбаев қызметінен "Бәйтерек" холдингіндегі жұмысы бойынша туындаған мәселелерге байланысты шеттетілді. Қазіргі кезде оған қатысты тергеу іс-шаралары өткізіліп жатыр. Жаңа министр ретінде Тимур Сүлейменов тағайындалды. Ол өзіне тапсырылған жұмыстарды атқара алады деп ойлаймын», - деп келтіреді Президенттің сөзін оның баспасөз қызметі.
Қуандық Бишімбаев Ұлттық экономика министрі қызметіне 2016 жылдың мамыр айында тағайындалған болатын. Бұған дейін ол "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің төрағасы болды.
Ал осы жылдың қараша айында Baiterek Development компаниясының жетекшілері қамауға алынды. Тергеу жұмыстарына сәйкес, қамауға алынғандар 288 млн теңге көлемінде пара алған. Топ-менеджерлер 17 қарашада «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы қызметін сатып алу үшін құрылыс компаниясының мүддесін қорғағаны үшін пара алды деген күдікпен ұсталған.
Айта кетейік, "Бәйтерек Development" "Бәйтерек" холдингінің құрамына кіреді.