Қазақстанда Ұлттық біріңғай тестілеуді қайта тапсыру құны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, қайта тестілеу рәсімінің құны 2242 теңгені құрайды.
"Шекті деңгейді жинай алмаған бітірушілер үшін ағымдағы жылдың тамыз айында барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базалық жоғары оқу орындарында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі", - делінген ведомство хабарламасында.
ҰБТ-ны қайта тапсыруға болатын жоғары оқу орындарының тізімі Білім және ғылым министрлігі тарапынан айқындалады. Шекті деңгейді жинай алмаған бітірушілер тестілеуді төрт пән бойынша қайта тапсырады: оқыту тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен (бейінді). Тестілеуді екінші рет тапсыру үшін талапкерге тек тұрғылықты жер бойынша жақын орналасқан базалық ЖОО-ға өтініш, 3х4 көлемдегі 4 сурет, және орта мектепті немесе ТжКО-ны бітіргендігі туралы құжаттар тапсыру қажет.
2016 жылы бітірушілер ҰБТ-ны белгіленген мерзімде 1-15 маусым аралығында тапсырады.