Алматы. 23 тамыз. 7kun.kz – Венесуэланың қаржы жүйесі криптовалютаға тәуелді болады, деп хабарлайды 24.kz.
Венесуэланың Ұлттық ассамблеясы президент Николас Мадуро жариялаған экономикалық шараларға қарсы. Дүйсенбі күні Венесуэла үкіметі ұлттық валюта - боливарды деноминациялап, 5 нөлін алып тастаған еді.
Жаңа ақша Венесуэлада енгізілген криптовалюта - петроға тәуелді болмақ. Ал, боливардың айырбастау бағамы 96 пайызға төмендетілгеннен кейін елдің берекесі кетті. Дүкендердің көбісі ашылған жоқ, жолақысын қалай төлейтінін білмеген жұрт, автобус аялдамаларында ұзын-сонар кезекте тұр. Венесуэла вице-президенті болса, ақша реформасынан кейін ел экономикасын тұрақтандыруға 90 күн қажет деп мәлімдеді.
Соңғы жылдары Венесуэла ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп отыр. Елде инфляция. Тұрмысқа қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек тапшы. Көптеген тұрғын өзге елдерге бас сауғалауға мәжбүр. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2 миллионнан астам адам көрші елдерге қоныс аударған.