Астана. 10 қазан. 7kun.kz – Венгрияда мигранттарды заңсыз тасымалдаумен айналысқан қазақстандық қамауға алынды. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Бұл ауыр қылмыс. Қазақстан дипломаттары оған адвокат тауып, жағдайды туыстарына жеткізді. Полиция заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айып тағып отыр. Ол Қазақстанда Шенген визасын тура 1,5 ай бұрын алып, Еуропа елдерінің біріне ұшып кеткен, бір аптадан кейін Шығыс Еуропаның аумағында, соның ішінде Сербия, Венгрия, Чехияда болған және осы бағыт бойынша мигранттарды заңсыз тасымалдаған», – деді Смадияров.
Ұсталған азамат Шымкент қаласының тұрғыны Қанатбек Өтебек екені анықталды. Смадияровтың айтуынша, Өтебекл қандай жұмысқа бара жатқанын әуел бастан білген. Сондықтан венгр баптары бойынша айыптау орынды.
Бұған дейін 27 жастағы Шымкент тұрғыны Венгрияда жоғалып кеткені хабарланған болатын.