Алматы. 19 қыркүйек. 7kun.kz – ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев K18:Kazakhstan Growth Forum аясында қазақстандық бизнесмендерге шетелге шығуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнес алаңның тарылып бара жатқаны рас. Қазақстандық бизнестің 70%-ы мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға бағытталған. Бізде сол бизнес құрылымның кесірінен компанияларға IPO-ға шығуға ұмтылыс жоқ. Әрі Қазақстанда 18 млн 200 мың адам тұрып жатыр. Біздің отандық бизнесмендер үшін перспектива Қазақстаннан тысқары жатыр», - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, елімізде қазір импорттың орнын басу бағдарламалары жұмыс жасап жатыр. Сонда да тұтынушылар үшін ең бастысы баға мен сапа болып отыр. Осы мақсатта экспортты барынша қолдау шаралары қолданылмақ.
«Экспортты қолдау және дамыту шаралары өзгеретін болады. Біздің бастамамызды жыл соңына дейін Парламент қолдайды деп үміттенеміз», - деді ол.
Сонымен қатар, вице-премьер 2020 жылдың соңына дейін салық пен кеден жүйесін толық цифрландыру аяқталатынын айтты.