Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "ВКонтакте" әлеуметтік желісін бұғаттау туралы пікір айтты. Мұны бірқатар сарапшылар қолдағанымен, қарсы пікір айтқандар да болды. VK-дан қандай қауіп бар?
Кімдер пайдаланады?
"Медиа-систем" агенттігінің 2015-2016 жылдарға жүргізілген зерттеуіне сәйкес, әлемде Вконтектені 350 млн, Қазақстанда 1,945 млн адам қолданады. Оның 53,8 пайызы - ерлер, 46,2 пайызы - әйелдер.
"ВКонтактеде" "отыратындардың" басым бөлігі - 18 жасқа толмағандар.
18 бен 24 жастағылар саны мен белсенділігі жағынан екінші орында. Ал 25 жастан жоғары азаматтар юзерлердің төрттен бірін ғана құрайды. Қолданушылардың 37% - білім алушы, 12% - басшылар, 17% - қызметкерлер, 13% - үй шаруасындағы әйелдер екен.
Діни қауіп
Ерлан Қарин мырза 2016 жылы Ақтөбеде болған оқиғаны ескере отырып, бұл желіні жабу қажет дегенде, мұндағы діни көзқарастардың әр түрлі болуы мен одан туындайтын адасушылықты меңзеген болатын. Себебі Ханафи мәзһабы мен Матуриди мектебін уағыздаушы «ХАБ - АЛАШТАРЫ» бірлестігінің танымал дінтанушы ғалымдары исламтанушы Серік Тәжібаевтың бастамасымен 2015 жылы жастарды дәстүрлі емес бірлестіктерден сақтандыру мақсатында "Вконтакте" әлеуметтік желісінде ең сенімді бірлестіктер тізімін жасаған болатын. Онда 83 топтың ғана таратып жатқандары адастырмайтын, іріткі салмайтын деп танылған. Алайда, бұл тізімді қарап отырған ешкім жоқ. Желідегі діни парақшалардың, топтардың саны күн сайын артып келеді. Себебі "ВКонтактіде" кез келген адам қалаған бағытында бірлестік немесе топ аша алады. Желінің іздеу жүйесіне "дін" деп жазсаңыз кейбірінде 160 мыңға жуық қолданушысы бар 220 топ тауып берді. Тізімдегі топқа жазылсаңыз да, жазылмасаңыз да еркін оқуға мүмкіндік бар. Яғни, мұндағы ақпаратты оқитындар санын тек тіркелгендермен ғана өлшеуге болмайды. Жоғарыдағы 83 топ зиянсыз дегеннің өзінде қалған 100-ден астам топтың қандай ақпарат таратып отырғаны белгісіз. Діни басқарма мен агенттік, құзырлы органдар терең сараптау қажеттігі байқалады. Сарапшылардың «Вконтактені» жабу туралы ұсынысы бекер айтылып отырған жоқ. Ақтөбедегі оқиғаға қатысушылардың басым бөлігі осы желіге тіркелген. Басым аудиториясын 18-ге толмаған жасөспірімдер құрайтын бұл желінің діни ақпарат таратуда қаупі барлығының бір айғағы.
Діни радикализм мен терроризмді "ВКонтактеде" насихаттап, түрмеге тоғытылғандар фактісі ТМД-ға мүше әр елдерде жиі тіркеліп тұрады. Қазақстанда да іріткі салушылардың бірен-сараны да ұсталған болатын. Мысалы, 2015 жылы Ақтөбе қаласының 30 жастағы тұрғыны "Әбу Ансар" деген бүркеншік атпен өзі ашқан парақшада терроризмге үндейтін видеороликтер жариялап отырған. Адасқан азаматтың үстінен "діни алауыздық" және "терроризмді насихаттау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Одан бөлек, Ресейдің "Аппарат" басылымының жазуынша, Ислам мемлекетінің содырлары өздерінің Twitter, Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшалары бұғаттала бастаған соң өз аудиториясын еркін әлі ыңғайлы деп танылған "ВКонтактіден" іздей бастаған.
Аталған әлеуметтік желіде арандатушылық — араб тілінде al-Itisam және ағылшын тіліндегі al-Hayat топтарын ашумен басталды. Ал жалпы қолданушылар үшін Ислам мемлекеті тобының жаңалықтарын салатын "Ислам мемлекеті жаңалықтары" бірлестігі де құрылған.
Одан бөлек, бірлестіктерді бұғаттау мен топтарды жабу желі әкімшілігінің қолында. Сондықтан іріткі салатын қауіпті топтарды бұғаттау кейде қиындық тудырып жатады. Мысалы, 2014 жылы "ВКонтакте" әкімшілігі қазақстандықтарды қазақ тілінде Сирияға шақырып, терроризмге үгіттейтін видеоны өшіруді сұраған ҚР Бас прокуратурасының өтінішін елеген де жоқ. Бұл туралы Ресей мен Қазақстанның шекаралық прокуратура басшыларының кездесуінде айтылған еді.
Өзін-өзі өлтіру
Жастар көп қолданатын "ВКонтактіде" өзін-өзі өлтіруге шақыратын топтар да қаптап жүр.
Ресейлік Роспотребнадзор сарапшылары 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2016 жылдың мамыры аралығында ғаламторда таралған 10 мыңға жуық сілтемені зерттеген. Оның 9357-сінде өзін-өзі өлтіруге үгіттейтін және үйрететін ақпарат анықталған. Соның ішінде 3050-ден астам сілтемеге өтсеңіз, "ВКонтактідегі" түрлі топтардан бір-ақ шығасыз. Бұл суицидке итермелейтін сілтеменің 30 пайызын құрайды.
Сонымен қатар, "Новая газета" басылымы 2015 жылдың қаңтары мен 2016 жылдың мамыры аралығындағы Ресейде өзін-өзі өлтірген 130 жасөспірімнің шамамен барлығының ғаламтордағы топтары бірдей болған.
"Вконтактідегі" ашық топтарға оңай тіркеліп, өзгелермен еркін пікір алмасу мүмкіндігі зиянын тигізбей қоймады. 2015 жылы 31 тамызда өзін-өзі өлтірген Арқалық қаласының 15 жастағы тұрғыны Константин "ВКонтактідегі" "Суицид" тобына мүше болған. Ол аталған топта бір апта бойы "өлім күніне" кері есеп жүргізіп, кейін 9 қабатты үйден секіріп кеткен. Кейіннен Ішкі істер департаменті зерттегенде өзін-өзін өлтірген жеткіншектен бөлек, бұл топқа Қазақстанның 169 азаматы мүше екені анықталған.
Сонымен бірге, 9-қабаттан секіріп кеткен жасөспіріммен "ВКонтактідегі" парақшасында дос болған 9-сыныпта оқитын екі қызбен Константин осы топта танысуы мүмкін деген тұжырым жасалған. Себебі Иркутск пен Санкт-Петербург қаласының аталған екі оқушысы да осы топта "өлім күніне" кері есеп жүргізген. Одан бөлек, осы топқа мүше бір қыздың парақшасында 31 тамызда өзін-өзі өлтіруге шақырған жазба болған. Аталған желіде қазақ тіліндегі парақша немесе топ жоқ. Алайда қазақстандықтарға орыс тіліндегі топтардан ақпарат алу қиын емес. Қауіптің тағы бірі.
"Мен сені қалаймын"
Мұндай жазбалар «Вконтактеде» жиі кездеседі. Мұнда ең сұранысқа ие тақырыптың бірі – жыныстық қатынас. +18 топтарды іздесеңіз қазақша да, орысша да менмұндалап шыға береді. Жезөкшелер қызмет ұсынады, жыныстық қатынасқа түсетін серік іздейді, біреулер жыныстық қатынас туралы кеңес сұрайды, бастан кешкен оқиғаларын жазады, жалаңаш видео, фотолар жариялайды. Арасында ақша табу үшін жүрген алаяқтар да кездеседі екен. Тауар, жарнама сататындар да жиі кездеседі. Вконтакте-дегі топтардың бірінің админі жастар мұндай топтарға иез жиналады дейді. Адам жиналған соң топты сатып, атын ауыстырып алу үшін де, кейде адам санын көбейтіп алған соң жарнама тарту үшін де пайдаланатын көрінеді.
«Вконактеде» көгілдірлік те жақсы насихатталады. Мұндай тақырыптағы кейбір ресейлік топтарда қолданушылар саны миллионға жуық. Қазақша топтардың да саны аз емес.
«Вконтактені» жабуға үш себеп болса негізгі үшеуі осы шығар. «Вконтактедегі» пайдалы контенттің, жастарға табыс табуға мүмкіндік беріп отырған тұстары барын да ескеру керек» дейді әлеуметтік желі қолданушылары. Желі жабылмаған күннің өзінде бақылауды, ақпараттық ағартушылықты күшейту қажет.