Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Владимир Путин Орта Азияны не үшін аралап жүр?

Владимир Путин Орта Азияны не үшін аралап жүр?

Осы аптада Ресей президенті Владимир Путин Орта Азия елдерін аралауға шықты. Бұл сапары өзара қарым-қатынас орнатудың 25 жылдығына арналған, тиісінше экономикаға қатысты серіктестік мәселелері бірінші орынға қойылады

27 ақпанда Владимир Путин Алматыда болып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізді. Ресей үшін еліміз - Кремль басшысының ортаазиялық сапарындағы бірінші тоқтайтын нүктесі. Қазақстаннан кейін Тәжікстанға, одан ары Қырғызстанға барады. Үш сапарының мақсаты да аталған елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуының 25 жылдығын атап өту деп хабарланды.

Алматыда не айтылды?

Бұл сапар - Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің осы жылдағы бірінші кездесуі. Өткен жылы президенттер 6 рет кездесіп, 12 рет телефон арқылы сөйлескен. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, екі елдің басшысы Алматы маңындағы шаңғы курортында демалған. Айта кету керек, осы жексенбіде Алматының төтенше жағдай департаменті "Шымбұлақ" дүйсенбіге дейін "қар көшкіні қаупіне байланысты жабық" деген хабарлама таратқан еді.

Кездесуде Ресей басшысы Н.Назарбаевқа Астанадағы келіссөздерді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

"Шақыртуыңызға рахмет. Шынымен, біздегі келіссөздер үнемі жыл басында өтеді, дегенмен (жыл бойындағы - ред.) жұмыс графигі өте тығыз. Кездесуді Астанадағы сирияаралық келіссөздерді ұйымдастырғаныңыз үшін алғыс айтудан бастағым келеді. Қазақстан тек шараның ұйымдастырушысы ғана болмай, келіссөздердің нәтижелі болуына да әсер етті", - деді ол Н.Назарбаевқа. Екі мемлекет басшысының келісуі арқылы осы жылы Астанада Сирия келіссөздерінің екі раунды өтіп, шараға Ресей, Сирия, Иран және Түркия өкілдері қатысты. Ресейлік делегация Дамаскінің билігі мен оппозициясына елдің Конституция жобасын ұсыну үшін арнайы Астананы келіссөздер алаңы деп таңдап алған еді.

Кремль басшысының сөзінше, Қазақстан Ресейдің экономикадағы ең басты әріптестерінің бірі, дегенмен соңғы уақытта тауар айналымы төмендеп жатыр. Мәскеудің Астанамен сауда айналымы 16 пайызға азайып, 13 млрд доллар құрады.

"Біздің мақсатымыз көлемді (тауар айналымының - ред.) көбейтіп, тұрақты өсімге шығу. Интеграциялық процесстер негізінде барлық жағдай жасалған, Еуразиялық банк те жақсы жұмыс істеп тұр. Ол банк Қазақстанмен бірнеше миллиард доллардың жобасын бекітті. Менің ойымша, экономикалық қарым-қатынасты дамытуға сенімді болу үшін жақсы белгі", - деді ол бұл туралы. Ал сыртқы саясатқа қатысты Ресей БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Қазақстанға сенім артатындығын білдірді.

Тәжікстан - мигранттар, Қырғызстан - сауда 

Біздің елімізден кейін Владимир Путин Тәжікстанға өтіп, Душанбеде Эмомали Рахмонмен келіссөздер жүргізеді. Әрі әріптесін Александр Невский орденімен марапаттайды деп хабарлайды Кремльден. Ал ақпанның 28-де Путин Бішкекте болуы керек.

Үш ел де Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымына мүше. Қазақстаннан бөлек Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, сондықтан президенттер ұйымның саммиттерінде жиі кездеседі. Соңғы рет олар 2016 жылы Санкт-Петербургте жолыққан еді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуде өзара әріптестіктен бөлек еңбек миграциясы сферасындағы мәселелер талқылануы қажет. Кремльдің мәліметінше, Ресейде 870 мың Тәжікстан азаматы жұмыс істейді, олар өткен жылы отанына 2 млрд долларға жуық (елдің ЖІӨ-нің үштен бірі) қаржы аударған. Ал Душанбенің хабарлауынша, Ресейде 70 мың адам жұмыс істейді.

Дегенмен соңғы жылдары Ресейге Орта Азия елдерінен келетін мигранттардың саны азайғаны рас. Мәскеудегі Дағдарыстық қоғамды зерттеу орталығының "Түркістаннан Орта Азияға дейін: аймақтың саяси болашағы" атты баяндамасында бұл тенденцияның себептері атап көрсетілген. Елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы, рубль курсының төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақтағы миграциялық саясаттың күшеюі тәрізді факторлар - негізгі себеп деп аталып отыр. Сарапшылар бұл өзгерістің екінші негатив жағы бар екенін де айтады. Жұмыссыз мигранттар Ресейден туған елдеріне қайтып, әлеуметтік-экономикалық жағдайда кедейшілік пен жұмыссыздықпен бетпе-бет келсе, соңы қоғамның көңіл-күйінің нашарлауына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Осыған дейін қаңтарда Тәжікстанға барған сапарында Ресейдің вице-премьері Игорь Шувалов Тәжікстан азаматтарына миграциялық амнистия беру мәселесін талқылаған. "Амнистияға 128 мың азамат ілігуі мүмкін", - деді бұл туралы елдің Ресейдегі елшісі Имомуддин Сатторов. Оның сөзінше, әзірге олардың тек жартысына ғана Ресейге кіруге рұқсат беріледі. Бірақ жергілікті басылымдардың жазуынша, бұл сұрақтың кездесуде қаншалықты талқыланатындығы белгісіз. РБК-ның Еңбек министрлігіндегі дереккөзінің сөзінше, Путиннің іс-сапары аясында талқыланатын еңбек сферасындағы мәселелердің арасында миграцияны реттеу туралы пункт жоқ.

Ал Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен қарастыратын басты мәселе сауда-экономикалық байланыс болуы қажет. 2016 жылы Қырғызстанмен тауар айналымы 1,2 млрд доллар құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 13 пайызға аз. Дегенмен Ресейге баратын Қырғызстан экспорты 138 пайызға көбейіп, 171 млн долларға жетті.

2012-2016 жылдар аралығында Ресей Қырғызстанға ел бюджетін тұрақтандыру үшін 225 млн доллар бөлді. 2011 жылдан бері Ресей Қырғызстанға салықсыз мұнай өнімдерін тасымалдайды. Өткен жылы 1 млн тонна тауар жеткізілді.

Похожие материалы