Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Вокурка деген кім: банктерді құтқарушы ма, әлде банктерден құтқарушы ма?

Вокурка деген кім: банктерді құтқарушы ма, әлде банктерден құтқарушы ма?

19 сәуірде Ульф Вокурка Нұрбанктің директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директор болып тағайындалысымен әлеуеметтік желіде «келесі Нұрбанк пе?» деген сыңайдағы пікірге толып кетті. Бұған негіз де бар. Өйткені Вокурка мырзаның соңғы жылдары не жабылатын, не бірігетін банктердің басшылығынан шыға келіп жүр.

2017 жылдың шілдесінде «қырық түрлі» аттың иесі Қазкоммерцбанк, Қазком, Qazcom (ұларға орысша баламасын қосыңыз)  банктің басқарма төрағасы болып тағайындалған. Қазком «Халық банкпен» біріккен соң  2018 жылдың шілдесінде Ворурка мырза экс атанды.

Араға ай салып «Цесна банктің» басқарма төрағасы болып тағайындалған. Бір жылдан соң 2019 жылдың ақпанында Цеснаны First Heartland Securities компаниясы сатып алды. Жақында «Жусан» болып өзгерген Цесна банк аты да осылайша тарихқа айналды, ал Вокурка мырза бірнеше күн ғана жұмыссыз жүрді.  

19 сәуір күні «Нұрбанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директор болып шыға келді.  Бұл оқиға әлеуметтік желіні біраз қыздырды. «Нұрбанк» кімге қосылады?», деген сыңайдағы сұрақтар пайда болды.

Бүгін Вокурка мырза Forbes.kz-ке сұхбат беріпті. Әдетте директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директор былай кең көсіле бермейтін.  Бұл басқарма төрағасының құзіретіндегі нәрсе.

Вокурка мырзаның жауабы ДК мүшесі сияқты емес, болашақ басқарма төрағасының жауабына ұқсайды. Соған қарағанда бірер уақытта басқарма төрағасы ретінде көріп тұрсақ таңқалмаймыз. Бірақ қоғамды алаңдататын мәселе бұл да емес. Алаңдататыны – жоғарыда айтқанымыздай Вокурка мырзаны әдетте жабылатын не бірігетін, мәселесі бар банкке шақыратын.

Форбс журналистін де толғандырса керек, «Нұрбанкте проблема бар ма, сізді әдетте сондай жерлерге шақырушы еді» дегенді меңзеп сұрақ қойыпты.  Жауап:  үзілді-кесілді жоқ. Алайда Вокурка мырза Цеснабанкті басқарып тұрғанда дәл осы Forbes.kz-тің  дәл осындай сұрағына «Жоқ, банк мұндай жағдайға бірінші рет тап болды. Бізге сеніңіздер, ары қарай бірге жұмыс істей берейік» деген. 1 жылдан кейін Цесна банк сатылып кетті.  

Вокурка мырзаны дағдарыс менеджері деседі, әдетте дағдарыс менеджері құтқарады. Құтқара алмаса...не болары белгілі. Әзірше соңғы екі кейс көрсеткендей Вокурка мырза банктерді емес банктерден құтқарушы. (Оның бірі активтерінің көлемі жағынан елімізде екінші орында болған – Цесна банк). Ал банкті «құтқарушы» бола ала ма, оны тура 1 жылдан кейін көрейік.

Айтпақшы, біле жүру үшін Вокурка мырзаның өмірбаянын да жаза кетейік. Әйтпесе 1993 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейтін, соңғы 12 жылда тұрақты тұратын неміс банкирінің қазақ тіліндегі өмірбаяны еш жерге жарияланбапты. 

Ульф Вокурка 1962 жылы Германияның  Пирна қаласында дүниеге келген. Галле қаласындағы Мартин Лютер атындағы университетті, кейін Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтының шығыс бөлімін бітірген.  «Кредиттік тәуекелді басқару»,  «Deutsche Bank Director’s Carreer Management Program» бағдарламларын қосымша оқыған.

1990 жылы Майндағы Франкфуртте «Дойче банк АГ»еңбек жолын бастаған. 1992 жылы корпоративтік клиенттерге кешенді қызмет көрсету менеджері болған. 1993 жылы осы банктің Қазақстандағы еншілес өкілдігін басқарған.

1994 жылы «Morgan Grenfell&Co.Limited» Қазақстандағы өкілдігін басқарған. Қазақстанның мұнай, тау-кен, мателл кәсіпорындарын жекешелендіру сұрақтары бойынша Мемлекеттік мүлік комитетіне кеңес берген.

1996 жылдан «Дойче Банк АГ» Лондондағы Шикізат саласын қаржыландыру тобының менеджері болған.

1998 жылы Нью-Йорк пен Майндағы Франкфуртте Жобалық және жкспорттық қаржылдандыру департаменті директорының орынбасары болған.

1999 жылы – Дойчебанктің «Корпорациялар жжәне инвестициялар» бөлімінің сауда және экспорттық қаржыландыру құрылымдық бөлімінің директоры болған.

2006 жылы Қазақстанға шақырылып, «Самрұқ» холдингі басқарма төрағасының орынбасары болды. Соңғы он жылда «Қазпошта» АҚ, «Қазақстанның дау банкі» АҚ, «Қазына капитал менеджмент» АҚ,  «БТА Банк» АҚ, «Қазақстанның халық банкі» АҚ сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2008-2010 жылдары активтерді басқарумен айналысатын германиялық Metzler компаниясының  Ресей мен ТМД елдері бойынша басқарушы директоры болды.

2010-2015 жылдары түркиялық Şekerbank T.A.Ş директорлар кеңесінде тәуелсіз директор ретінде қызмет атқарды.

2010-2017 жылдар аралығында Deutsche Bank AG Алматы қаласындағы аймақтық өкілдігін басқарды.

2017 жылдың шілде -2018 жылдың шілдесі аралығында «Қазкоммерцбанк» АҚ басқарма төрағасы, 2018 қыркүйек -2019 ақпан аралығында «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы болды.

2019 жылдың 19 сәуірінде «Нұр банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директор.

Неміс, орыс, ағылшын, түрік тілдерін меңгерген. Бұл тізімде қазақ тілі жоқ.  

Похожие материалы