
2015 жылдың жаз айында жарыққа шығатын Windows 10 операциялық жүйесінің жаңарған нұсқасына "Косынка" пасьянсы қайта қосылатын болады. Бұл жөнінде The Verge басылымы хабарлайды.
Windows 8 операциялық жүйесінде классикалық ойындар («Косынка», «Червы» және «Сапер») орнатылған бағдарламалардың тізімінен алынып тасталған еді. Олардың жаңарған нұсқаларын Windows Store онлайн-дүкенінен тегін жүктеуге болатын еді.
Windows 10 жүйесіне "Пуск" батырмасын қосумен қатар, құрастырушылар ойынның 25 жылдық мерейтойына орай "Косынканы" қайтару туралы шешімге келді. Ал, басқа ойындардың жаңарған операциялық жүйеде болу-болмауы белгісіз.
Windows 10 операциялық жүйесі алғаш рет 2014 жылдың қыркүйегінде таныстырылған еді. Ондағы өзгерістің бірі - "Пуск" менюінің қайтарылуы. Оның көмегімен қолданушылар жиі қолданатын файлдары мен бағдарламаларын, қосулы тұрған қосымшалар мен файлдарды көріп, екі ортада тез арада ауысуға мүмкіндік бар. Windows 7 және Windows 8 орнатылған компьютерлерге жаңа жүйені тегін орнатуға болады.