Экономика
Выбор редактора
Ыдырысов: Қазақстан бизнес жүргізуге ашық әрі тартымды елге айналып келеді
Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz - Лондонда British Expertise International консалтингтік компаниясының штаб-пәтерінде Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған семинар өтті деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
«Kazakh Invest» ҰК және London Infrastructure британдық компаниясы ұйымдастырған семинар жұмысына Aggreco, Alaco, UK Export Finance, JP Morgan, Rothschild Capital Group, DMT Consulting, JCB, Worley Parsons, IPC, «ЕҚҚДБ», Mobsby Associates, TVET UK, Advantix Ltd, CBRE, Ricardo Energy, SP Angel, Paramount Powders, Crown Agents, Cundall, John Wiley & Sons, Rattan Power, The D Group секілді жетекші британдық және халықаралық корпорациялардың басшылары, сондай-ақ Ұлыбританияның мемлекеттік органдарының, сараптамалық және академиялық орталардың өкілдері қатысты.
Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевтың басшылығымен қазақстандық делегация құрамына «Қазсушар» РМК, BI Group компаниясының, Eurasia Gold Inc, «Қазақстанның даму банкі» және т. б. ұйымдардың өкілдері кірді.
Тұяқбаев өзінің алғы сөзінде Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен бизнес жобаларды іске асырудың келешегі туралы айтып берді. Атап айтқанда, шара қатысушыларына ҚР-да бизнес жүргізудің мүмкіндіктері, заңнамалық қолдау, шетелдік инвестицияларды тартудың бәсекелі артықшылықтары туралы толық ақпарат беріліп, Үкімет бекіткен 50 аса басымдықты инвестициялық жоба таныстырылды. Тұяқбаев британдық бизнесмендерді жобаларды Қазақстанда іске асыру үшін белсендірек қатысуға шақырды.
Ұлыбританиядағы ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов:
«Қазақстан аса қолайлы инвестициялық ахуалы бар, бизнес жүргізуге ашық әрі тартымды елге айналып келеді. Елімізде Қазақстанға келешекте инвесторлар үшін әлемдегі аса қолайлы мемлекеттердің біріне айналуға жол ашатын ауқымды өзгерістер болып жатыр. Мәселен, жүйелі реформалардың бірі — "Астана" халықаралық қаржы орталығы қызметінің құрылымына британдық құқық қағидаларын енгізу және әлемнің үздік стандарттарына сәйкес бизнес жүргізу ережелерін бекіту», — деді Ұлыбританиядағы ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов.