Алматы. 3 тамыз. 7kun.kz - Ұрланған активтерді қайтару - ҚР Бас прокуратурасының жүзеге асырып жатқан жобаларының бірі. Соңғы 10 жылда ұрланған активтер бойынша 36 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, қылмыскерлер шетелге 10 млрд доллар шығарған. Бұл ЖІӨ-ның 8,1 пайызы.
"Біздің әлсіздігіміз - білікті тергеушілердің жоқтығында. Олар шетелдік мемлекеттерге мүдделерін жеткізуді, активтерге айып салуды және оны отанына қайтаруды білмейді. Шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнамаған. Сондықтан да былтырғы жылдың қазан айынан бастап активтерді қайтару бойынша жобаны қолға алдық", - деп атап өтті Бас прокуратурада.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Басқармасы мен АҚШ елшілігінің қолдауымен Академия базасында 169 тергеуші оқытылды. 10 ұлттық тренерлер дайындалды. Жыл соңына дейін Бүкіләлемдік банк пен БҰҰ Басқармасының көмегімен тергеушілер, прокурорлар мен судьяларға бірнеше семинарлар өткізіледі.
Шетелдік мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен жедел ақпарат алмасу үшін Қазақстан Еуропа мен Азияның әлемдік ақпарат алмасу желісіне қосылды. Одан бөлек, құзыретті органдар шетелден қылмыстық кірістерді қайтаруға қатысты әдіс-тәсілдер дайындады.