Экономика
Қырғызстандық 1376 жүк көлігі Қазақстан жолдарында заң бұзған
Алматы. 17 қараша. 7kun.kz - 2017 жылы қырғызстандық 1376 жүк көлігі Қазақстан жолдарында әр түрлі деңгейде заң бұзған деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылдың 1 қаңтары мен 14 қарашасы аралығында Қазақстан аймағында Қырғызстанның 22 192 жүк көлік құралы тексерілді. Оның ішінде 1376-сында заң бұзушылық анықталған. Ал 2016 жылы қырғызстандық жүк тасымалдаушылары заңнаманы 1141 рет бұзған еді.
Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар ішінде тауар-көлік жүк құжатының (CMR) болмауы – 516 рет; салмақ және габарит параметрлерін сақтамау - 288 рет; тез бүлінетін жүктерді тасымалдау сертификатының болмауы - 288; каботажды тасымал жасау –166 рет.
Басқа заң бұзушылықтардың ішінде жолаушыларды тұрақсыз тасымалдауға арналған қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмауы, халықаралық қатынастағы Қазақстан республикасының автомобильмен тасымалдау жүйесінің рұқсаттама ережелерін бұзу, жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу және тағы басқалары.
Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Қырғызстан шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ тасымалдауға жол бермеу керек" деген еді.