Универсиада ойындарының жалғасып жатқанына үшінші күн. Алдағы бір апта бойы да спорт додасы негізгі "күн тақырыбы" болатыны анық. Көпшілік үшін спорттағы жетістіктер ғана емес, жарыстарға кіру мүмкіндігі де қызықты мәлімет. 7күн оқырмандары үшін Универсиада ойындарының билет бағаларына шолу жүргізіп көрдік.
Қысқы Универсиада кезіндегі ең танымал спорт түрі - хоккей. Ұйымдастырушылар да халықтың көңілінен шыққысы келгендіктен болар, билет бағалары да арзан. Топтық кезең ойындарын 300 - 700 теңгеге тамашалауға болады. Плей-офф ойындарының билеттері 700-1500 теңгеден сатылады. Әйелдер арасындағы финалдық ойындарды көру үшін 1500-2000 теңге, ерлер арасындағы ойындарға 1500-5000 теңге төлеу қажет болады.
Хоккеймен қатар тұратын мәнерлеп сырғанауға қазақтандықтардың Айза Имамбек және Денис Тен үшін баратыны жасырын емес. Алматы Аренада жерлестерімізге жанкүйер болу үшін 500-1000 теңгеге билет сатып алу керек. Медальдар ойнатылатын көрсетілімдердің бағасы 1500-2500 теңге аралығында. 5 ақпан күні болатын көрсетілімге кіру үшін 2500-5000 теңге төлеу керек.
Фристайл, сноуборд - нағыз спорттық шоу көруге мүмкіндік беретін дода. Сондықтан қалтаңыздан 500 теңгеден артық шығаруға дайын болуыңыз. Фристайдың барлық түрі үшін билет бағасы 1000-1500 теңге аралығында. Сноуборд билеттері 700 теңгеден басталып, 1500 теңгемен аяқталады. Табағанда өтетін әйелдер мен ерлер арасындағы биг-эйр дисциплинасын 700 теңге, ал Шымбұлақтағы сноуборд-кросс дисциплинасын 1000 теңгеге тамашалайсыз. Сноуборд-слоупстайл сайысындағы билеттер бағасы 1000-1500 теңге.
Керлинг - көпшілігі үшін "түсініксіз спорт" деген санатта, бірақ қазақстандық құрама үшін де жанкүйер атануға болады. Алматы аренаға кіру үшін керлингтің топтық кезеңдеріне 500 теңгеден, жартылай финалға 800 теңгеден, финалдық ойындарға 1200 теңгеден билет алу керек.
Тау шаңғы сайысының билеттері 1000-1500 теңге аралығында. Спорттың 4 түрі бойынша тамашалауға болады: слалом, слалом-гигант, супергигант, тау шаңғы комбинациясы. Ал шаңғымен трамплиннен секіруді тамашалау үшін 1000 теңгеге билет алып, "Сұңқар" кешеніне бару керек.
Медеуде өтетін бір ғана спорт түрі - конькимен жүгіру. Әйелдер мен ерлер арасындағы әртүрлі қашықтықтағы жеке және командалық жарыстарды 1000-2000 теңге аралығында билеттерге көруге болады. Дәл осы спорт түріне ұқсас шорт-тректі тамашалау үшін Балуан Шолаққа барып, 500 теңгеге билет алу керек. Финалдық ойындар бағасы - 1000 теңге.
Спорт журналистері жазғандай биатлон, шаңғы жарыстары үйде отырып көруге болатын сайыстардың қатарында. Бірақ "Алатау" кешенінде болып, жерлестерімізге қолдау көрсетемін десеңіздер 500-1000 теңге аралығында билет сатып алуға болады.
Бағалары қолжетімді болғанымен, билеттердің табылуы қиын. Мұны қазақстандықтардың белсенділігімен әрі спекулянттардың әрекетімен де түсіндіруге болады. Алматы қаласының Ішкі істер департаментінен хабарлағандай, құзырлы органдар Универсиада билеттерінен табыс тауып жүрген алаяқтарды ұстады. Орталық стадион маңынан тұтқындалған 4 алып-сатардан 80 билет, ал "Халық Арена" кешенінің жанына тұтқындалған саудагерлен 42 билет табылған.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарды билеттерді тек ресми орындардан, кассалар мен онлайн-кассалардан сатып алуға шақырады. Тек баға жағынан емес, орыннан да ұтылуыңыз мүмкін. "Қолдан сатып алған билеттердің жалған болып шығуы да мүмкін", - деп ескертеді ішкі істер департаментінен. Бұл күдікті барлық жарыстың басы-қасында жүрген еріктілер де растайды. Олардың айтуынша, кейде бір орынға екі билет алып келген көрермендер кездеседі.
Ескерту. Билет бағасы туралы ақпараттар Kassir.kz, ticketon.kz сайттарынан алынды.