Экономика
Экономика1
Қытай Африкаға экономикалық экспансиясын жалғастыруда
Металға деген сұраныстың азаюынан және Эбола эпидемиясының салдарынан (заңды қожайыны “African Minerals” компаниясы) Африкадағы ең ірі темір кеніштерінің бірі Тонколили кеніші 2014-жылдың желтоқсанында жабылған болатын. Қытайдың мемлекеттік Shandong Ihon және Steel Group фирмалары үлкен мүмкіндікті мүлт жібергісі келмей,сәуір айында аталған темір кеніштерін сатып алды.
Қазіргі таңда аталған Қытай кәсіпорындары Оңтүстік Африкада аса ірі металлургиялық зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Маусым айында Аспан асты елінің кәсіпкерлері әлемдік металл сатылымын реттеп отыратын швейцариялық “Duferco” компаниялар тобының металды өндіріп-сату бойынша рұқсатын иеленді.
Бұл туралы кейбір сарапшылар Қытайдан қауіптеніп отыр.Олардың айтуынша, Қытай экологиялық тұрғыдан қауіпті өндірісін басқа елдерге экспорттамақ.Өз еліндегі ауасы ластанған өндірістік аймақтардың ауасын тазартпақ мақсатында, Қытай металл өндірісін Африка елінде жүргізуге мүдделі деп жазады The Economist басылымы.
Бірақ Қытайдың Африкаға деген экономикалық экспансиясына күмәнмен қарайтындар да баршылық. Қазіргі таңда Қытай болатты өте көп мөлшерде өндіреді. 2014-жылы Қытайда өндірілген болаттың көлемі 822 млн тоннаға жетіп, әлемдік нарықтың жартысына астамын жаулап алды. Бұл өз кезегінде металдың әлемдік нарықтағы бағасына әсер етіп, баға құлдырауына әкеп соқтырды.Соңғы онжылдықта Қытайда өндірілетін болат бағасы ең төменгі көрсеткіште белгіленіп,елдегі біраз кәсіпорындар шығынға батқан болатын.Қытай әлемдік нарықтағы өз позициясын ұстап тұруы үшін, металл өндірісін күрт азайтып, бағаның өсуіне оң ықпал жасауы керек дейді сарапшылар.