Экономика
Қытай Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларын KASE арқылы қаржыландырады
Қытай Ұлы жібек жолын жандандыру аясында инвестициялардың бір бөлігін Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына қор нарықтары арқылы бағыттауы мүмкін. Бұл туралы сейсенбі күні Алматыда өткен Қытай-Орталық Азия форумында Қазақстан қор биржасының (KASE) президенті Мақсат Қабашев хабарлады.
"Осы ынтымақтастықта қор нарығының қатысушылары маңызды рөл атқарады деп ойлаймыз. Ұлы жібек жолы бойынша ынтымақтастық аясында Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына бөлінетін инвестициялардың бір бөлігі қор нарықтары арқылы келіп түсуі мүмкін", - деп мәлімдеді М.Қабашев.
KASE басшысының айтуынша, Қытай инвесторлары Қазақстан қор нарығының құралдарын пайдалануға әзір.
"Ынтымақтастық іс жүзінде жүзеге асуы үшін біз экономиканың нақты секторларынан барынша көп компанияны шақырдық", - деді М.Қабашев.
Атап айтқанда, Қытай инвесторлары қазақстандық компаниялардың облигацияларына қызығушылық танытуда. Бұған қоса, KASE мен SSE (Шанхай қор биржасы) қазақстандық қор нарығының негізінде жаңа қаржы құралдарын құру туралы бірқатар келісімдерге қол қояды.
"Сонымен қатар біз нарық қатысушыларының бір-бірінің нарықтарына өтуін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейміз", - деп қорытындылады М.Қабашев.
Бұған дейін сайтымызда Қазақстан мен Қытай 30 миллиард доллар сомасына ортақ жобаларды іске асыратыны туралы
жазған болатынбыз.