Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастырудағы адами ресурстар мәселесі талқыланды

Заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастырудағы адами ресурстар мәселесі талқыланды

Астана. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен және Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті. Бұл туралы ҚР МҚІА баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаев, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды басқару офисынің президенті Салим Атай, Корея Республикасы Адами ресурстарды дамыту ұлттық институты Ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Чун Джи Юн, Әзірбайжан Республикасы Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Бахрам Халилов, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдерін, HR саласындағы отандық және шетелдік сарапшыларды және де Орталық Азия елдерінен келген делегаттарды қамтитын 300-ден астам адам қатысты.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа талаптар жүктелгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуы тиіс» деп атап өтті. Агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке ЭЫҰД елдерінде кеңінен колданылатын HR-құралдарын енгізу бойынша шаралар пысықталуда. Біз үшін HR саласындағы жаңа білімдерді жинақтау, сондай-ақ мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тарту өте маңызды. Ашық, әділ шешімдер қабылдай алатын, белсенді, заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда адам капиталына ден қоюдың маңызы зор», – деді Агенттік төрағасы.

Форумға арнайы келген делегаттар мемлекеттік қызметті дамытудағы тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанның халықаралық тәжірибеге бағдарланған мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру, оның ішінде HR-ды дамыту жөніндегі қадамдарын оң бағалады.

Қазақстанның және шет елдердің мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторларының жетекші сарапшылары арнайы сессиялар аясында мемлекеттік қызметшінің жаңа болмысын, HR мамандарын даярлаудың өзекті мәселелерін, тиімді HR құралдарын, адами ресурстарды басқарудағы трендтер мен сын-қатерлер, жаңа мүмкіндіктер, көшбасшылардың рөлі мен құндылықтары туралы мәселелерді ортаға салды.

Іс-шара аясында Агенттік төрағасы шетелдік сарапшылармен жұмыс кездесулерін өткізді.

Атап өту керек, форумның мақсаты – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, HR саласындағы отандық және халықаралық сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен корпоративтік сектордың персоналды басқару қызметтерінің басшыларын, персоналды басқару саласында кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының басшыларын бір алаңға жинау және маңызды мәселелерді талқылау.

Похожие материалы