Астана. 14 желтоқсан. 7kun.kz – Зейнетақы жинағының 50%-ын жекеменшік компаниялардың басқаруына беріп, пайда табуға рұқсат етіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, қазір президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылуда. Олар зейнетақы жинағының 50%-ын басқаруға беру тәртібін реттейді.
«Азамат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған ақшаның 50 пайызын өзі таңдаған жеке компанияға бере алады. Сонда жартысы қорда қалады. Оны бұрыңғыдай ұлттық банк басқарады. Ал қалған 50 процентін жеке компания басқарады. Бірақ ол компанияның жинақтың үстінен қанша табыс табуға болатынын ұлттық банк белгілейді. Демек жеке компания болса да, өзі қалаған табысты ала алмайды», – деді Дүйсенова.
Сондай-ақ министр мәжіліс кулуарында «жеткілікті шекке жалақысы жоғары, қазірдің өзінде баспана алуға мүмкіндігі бар азаматтар жетсе, зейнетақы жинақтарын алудың әлеуметтік мәні неде?» деген сауалға жауап берді.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың жинақтарынан 3,5 триллион теңге алғанын, оларды ипотекалық несиесін жабуға және баспана сатып алуға бағыттанды.
«Сондықтан оны тек табысы жоғары адамдар алды деп айта алмаймын. Бір миллионнан аса адам жасы бойынша барлық дерлік санат бар, жастар да, орта жастағылар да, қажет болса, жас құрылымы бойынша БЖЗҚ-дан ақпарат алайық, оны кім алды. Оны табысы жоғарылар ғана алды деп айта алмаймын», – деді Дүйсенова.