Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығына қатысты дау аяқталмай жатып, қор қаржысының 50 млрд теңгесін темір жол саласына жұмсауы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты Ұлттық банк те, инвестиция министрлігі де түсініктеме берді. Алайда БЖЗҚ қаржысына тағы "көз салғандар" бар сияқты...
Айта кетейік, 20 ақпан күні инвестициялар және даму министрлігінің алқа отырысында вице-министр Альберт Рау зейнетақы қорынан теміржол машина жасау саласына 50 миллиард теңге ақша бөлінетінін мәлімдеген.
Осыдан соң БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес Ұлттық банкке сауалхат жолдады. «БЖЗҚ» АҚ жанындағы қоғамдық кеңес Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтан және БЖЗҚ төрағасы Нұрбүбі Наурызбаевадан теміржол саласына бөлінетін зейнетақы қорының 50 млрд теңгесі туралы жағдайды түсіндіруді сұрады.
Өз кезегінде Ұлттық банк БЖЗҚ қаржысын инвестициялау туралы ұсыныс Қазақстан үкіметімен біріге отырып талқылатынын айтты.
«ҚР-ның «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес зейнетақы қаржысы Ұлттық қорды басқару бойынша Кеңес ұсынған бағыттарға жіберіледі. Бірақ қаржыландыру тек нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы жүргізіледі. Бүгінде зейнетақы қорларының инвестициялау бағыты анықталған жоқ, әлі де Ұлттық қорды басқару бойынша Кеңестің қарауында жатыр», — деп түсіндірді еліміздің басты банкі.
Дегенмен бұл мәселеге байланысты инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектен орынбасары Альберт Раудың мұндай мәлімдесін түсіндіру талап етілді.
Осыған сәйкес, министрліктің түсіндіру мынадай болды: «Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Раудың баяндамасында «Қазақстан темір жолы» үшін темір жол вагондарын өндіру үшін зейнетақы қорынан 50 млрд теңгенің бөлінуі қаржы тартудың бір мүмкіндігі ретінде ғана айтылды. БЖЗҚ-дан бөлек бұл салаға ақша әкелудің басқа да шаралары қарастырылып жатыр».
Алайда kapital.kz сайтының жазуынша, БЖЗҚ қаржысын тарту туралы ақпарат тек бұл ғана емес сияқты. Инвестиция және даму министрлігінің зейнетақы ақшасын темір жол саласына жұмсау туралы мәлімдемесіне дейін, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ үкімет отырысында электроэнергетика инфрақұрылымы үшін БЖЗҚ-дан қосымша қаржы ала тұру туралы бастама айтқан. Бұдан бөлек, ұлттық компания айтып отырған инфрақұрылым онсызда зейнетақы қорынан 47 млрд 500 млн теңгеге қаржыландырылған. Бұл - «Солтүстік - Шығыс - Оңтүстік» жоғары вольтты транзиттік желілерін салу жобасы. Аталған желі "Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алма" маршруты бойынша жоғарғы вольтты желілерді тартуды көздейді. Инфрақұрылымдық жобаның айналымында БЖЗҚ қаржысының 47,5 млрд теңгесі болғанына қарамастан жобаға зейнетақы ақшасынан тағы 36 млрд 300 млн теңге қажет болған.
«2016 жылы жобаның екінші кезеңі бойынша «KEGOC» АҚ-ның купондық облигацияларын толық орналастырды және БЖЗҚ-дан 47 млрд 500 млн теңге көлемінде қаражат тартылды. Алайда 2017 жылғы жобаны аяқтау үшін тағы қосымша 36 млрд 300 млн теңге қажет. Сондықтан БЖЗҚ-ны қарыз алуға болатын қаржы көзі ретінде нақтылауды және қажетті шешімді қабылдауды сұраймыз", - деп ұсыныс айтты "Самұрық-Қазына" топ-менеджері Берік Бисенғалиев үкіметке.
Айта кетейік, өткен жылы ҚР Энергетика министрлігі электроэнергетика департаментінің директоры Бауыржан Сәрсенов жоғарыда аталған электроэнергетика жобасының құны 158 млрд теңге екенін, оның 53 миллиарды жобаның бірінші кезеңіне жұмсалатынын, ал екінші кезеңнің қаржысы 105 млрд теңгені құрайтынын мәлімдеді. Екінші кезең 2018 жылы аяқталады. Ол «KEGOC» АҚ-ның өз қаражаты есебінен, сондай-ақ Ұлттық қордың және Ұлттық зейнетақы қоры арқылы қаржыландырылады.
Десекте бұл қазіргідей аса түсініктемені талап еткен жоқ. Себебі 2016 жылдың жазында «Қазақстан даму банкі» БЖЗҚ-дан алған 15 млрд теңгені Астанадағы MEGA Silk Way ойын сауық орталығына жұмсайды деген мәлімдемені сынағандар қордың ақшасы ақылмен жұмсалу керектігін, инфрақұрылымдық жобаларға тартылу керектігін айтқан.
"Халық банк" төрағасы Үміт Шаяхметова БЖЗҚ қаржысын инвестициялау кезінде одан кіріс болатынына, қайтарылатынына баса назар аудару керектігін мәлімдеген. Оның сөзінше, егер мемлекет «Даму», «ҚазАгро», Қазақстан даму банкі сияқты әр түрлі квазимемлекеттік құралдар мен мекемелер арқылы зейнетақы қорынан қарыз алса, мұның қандай тәуекел шешім екенін түсіну қажет. Осылайша ол "MEGA Silk Way-ге жұмсалатын қаржы одан гөрі инфрақұрылымға, аурухана, тұрғын үй, жол немесе әуежай салу үшін жұмсауға болар еді" деген пікір білдірген еді.
Осылайша Үкімет пен Ұлттық банк те БЖЗҚ ақшасы бір орында жата бермей инвестициялану керек, қорға дивидендтер алып келу керек, қордан жұмсалған ақша пайдалы инфрақұрылымдарға жұмсалу керек деген ой айтып, оны қоғамға үйретті.
Бұған ешкім дауласпайды да. Себебі бұл БЖЗҚ-ның 5 млрд теңгесін алып кеткен "Бузгул Аурум" сияқты компанияларға инвестициялаудан немесе дефолтты деңгейге жеткен Delta Bank-тің активтерін тартудан гөрі әлдеқайда жақсы. Әрине зейнетақы қорында шығындар болуы мүмкін, дегенмен жұмсалған ақша мемлекетке пайда әкеліп, табыспен қайтарылса болғаны.