Экономика
Жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы 234 мың қазақстандық жұмысқа орналасты
2015 жылдың 1 тамызындағы мәліметке сәйкес белсенді жұмыспен қамту шаралары 250 мың адамды қамтыды. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталған көрсеткіш жоспарланған жылдық шаманың 78%-ын құрайды. Көмекке жүгінгендердің 234 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларға 25 мың 825 адам қызметке барды. 14 мың 162 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 11 мың 324 адам жастар практикасы аясында жұмысқа тұрды. 121 мың 584 қазақстандық мемлекеттік қолдау шараларының көмегінсіз қызметке орналасты.
Халықты жұмыспен қамтудың тиімді түрлерінің бірі – қоғамдық жұмыстарға бағыттау. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл жобаға 61 мыңға жуық азамат қатысқан. Енді осы жылы 322 мыңнан аса жұмыссыз және өздігінен жұмыспен қамтылған азаматтарға жұмыспен қамту бойынша көмек көрсету жоспарланып отыр.