Алматы. 20 шілде. 7kun.kz – Бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 18 жастан асқан мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» баспасөз конференциясы өтті.
Жәрдемақының мөлшері ағымдағы жылы 1,05 ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады немесе 29 699 теңгені құрайды.
Жәрдемақы жасы 18-ден асқан бала жастан бірінші топ мүгедектеріне күтім жасауды жүзеге асыратын адамдарға төленетін болады.
Мүгедектің өзіне тиесілі барлық әлеуметтік төлемдер сақталатынын айта кеткен жөн.
Жәрдемақы бала жастан бірінші топ мүгедегінің өзі немесе оның заңды өкілі жүгінген күннен бастап мүгедектік белгіленген барлық кезеңге тағайындалады.
Бұл ретте бала жастан бірінші топ мүгедегінің күтіміне берілетін жәрдемақы:
- кәмелет жасына толмағандарға;
- сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танығандарға;
- психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұратындарға тағайындалмайды.
Отбасында екі және одан көп бала жастан бірінші топ мүгедегі тұратын болса, жәрдемақы олардың әрқайсысына жеке тағайындалады және төленеді.