Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жаңа 100 теңгелік «Игілік монетасы» айналымға шықты

Жаңа 100 теңгелік «Игілік монетасы» айналымға шықты

Алматы. 29 тамыз. 7kun.kz - 2017 жылғы 29 тамызда ҚР Ұлттық Банкі  номиналы 100 теңгелік «Игілік монетасы» («Тасбақа») коллекциялық биколорлы монетасын айналымға шығарды. Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Биколорлы монета бойтұмар-медальон түрінде орындалған. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа немесе бау үшін тесік жасауға болатын ойық орын бар. Монетада тасбақа қабығының пішіні мен түсіндей бейнелі қондырма түрінде тантал пайдаланылады.

«Игілік монетасы» графикалық композициясының негізіне Қытай мифологиясындағы тасбақа нышанының бірден екі маңызды түсіндірмесі енгізілді. Біріншісі – тасбақа ұзақ өмір, сәттілік және игілік нышаны ретінде. Екіншісі – мықты қорғаныш қасиеті бар Ло Шу сиқырлы шаршысы туралы аңыз.

Биколорлы (құрамдас) монетаның пішіні күрделі.

Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ұлттық ою-өрнектің қоршауында монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі және ұлттық ою-өрнектің элементтері бейнеленген. Айналдыра  мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазба және екінші жолында ұлттық ою-өрнек элементтері, соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан және монета дайындалған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін «Ag 925  19,3g  Ta 20,0g» деген жазба орналасқан.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) «Ло Шу сиқырлы шаршының» тоғыз цифрының стильдендірілген бейнесі тасбақа қабығында бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ИГІЛІК МОНЕТАСЫ», орыс тілінде «МОНЕТА БЛАГОПОЛУЧИЯ», ағылшын тілінде «THE WELL - BEING COIN» деген жазба және ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген.

Монета биколорлы орындауда дайындалған, массасы 39,3 грамм (сақинасы – 925/1000 сынамды күмістен, массасы 19,3 грамм, диск – массасы 20 грамм танталдан), сипатталған шеңбер диаметрі – 38,61мм., дайындау сапасы «proof», ең көп таралымы – 2,5 мың дана, қыры (гурты) бедерсіз және жазусыз.

Монеталарды шығару мен сату туралы келісімге сәйкес Ұлттық Банк таралымның бір бөлігін (ең көп 2000 дана) Қазақстанның ішкі нарығында сатады, тағы бір бөлігін Польша Монета сарайы Қазақстаннан тыс жерлерде сатады

Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Номиналдық құны 100 теңгелік коллекциялық биколорлы монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ nationalbank.kz сайтының интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады.

Похожие материалы