Жаңа бағдарлама бойынша ипотекалық несиелер 2018 жылдың екінші жартысынан беріле бастайды
Алматы. 13 наурыз. 7kun.kz – Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама аясында «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» жаңа бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелерді банктер 2018 жылдың екінші жартысынан бере бастайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтты.
«Бүгін Ұлттық банк төрағасы Үкімет отырысында мәлім еткен мәліметтер бағдарламаның қалың көпшілік үшін қолжетімді болатынын көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, ірі қалаларда орташа бір пәтердің құны 20 млн теңге десек, онда қарыз алушы ай сайын 140 мың теңге көлемінде төлем жасайтын болады», — деді О. Смоляков.
«Біз бағдарламаны іске асыруға болатынын байқадық. Қазіргі кезде банктердің нақты тізімі, қарыз алушының нақты табыс деңгейі, несие төлеуге қабілеттілігінің параметрлері, тұрғын үйді бағалау, қарыз алушының өмірін сақтандыру сияқты параметрлер ескеріле ме, мұның бәрі талқылану үстінде. Мамыр айында аталған мәселелер бойынша Үкіметпен және банктермен келісіп, Ұлттық банктің қаулысын бекітуіміз керек. Тек содан кейін ғана аталған параметрлерді толыққанды түсіндіруге әзір боламыз», — деді Ұлттық банк өкілі.
Бұдан өзге, аталған бағдарламаны іске асыру үшін заңнамада нақтылауды талап ететін мәселелер бар. Оның шешімін табу мақсатында Ұлттық банк наурыз айында заңнамалық түзетулер пакетін ұсынуы тиіс.
«2018 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық әзірлік шараларын аяқтаймыз. Екінші жартыжылдығының басынан банктер жаңа бағдарлама бойынша несиелер бере бастайды. Алғашқы несие пулы қалыптасқан бетте-ақ, бағдарламаны іске асыратын компаниямыз – еншілес ұйым осы несиелерді сатып алатын болады», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының шарттары алғашқы баспананы алуды қарастыратынын айтты. Банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да жұмыс істеуді жоспарлаған.