Экономика
Жаңа ереже бойынша халықаралық интернет-сәлемдемелер үшін шектеулер қарастырылмаған
Әлеуметтік желілерде шу тудырып үлгерген, шекарадан алып өтетін тауарларға қатысты ҚР Қаржы министрлігінің бұйрығы интернет-дүкендерге қатысты емес екен. Бұл құжат тек алып жүретін немесе жөнелтілетін жүкке ғана қатысты. Ал қазақстандықтар бір ай ішінде интернет-дүкендер немесе басқа жеткізушілер арқылы ала алатын халықаралық сәлемдемелердің саны мен мөлшеріне регламент белгіленбеген деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Жамбыл Сұрағанов.
Б.Сұрағанов БАҚ материалдарында «Жеке тұлғалар Кедендік одақтың кедендік шекарасынан алып өтетін тауарларын жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың белгілерін айқындау туралы» бұйрықтың кейбір ережелері дұрыс жеткізілмегенін айтып, министрлік атынан түсінік бере кетті.
"Бұл бұйрық тек жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды КО кеден шекарасы арқылы алып жүретін және жөнелтілетін жүкті алып өтуге байланысты туындайтын құқықтық қатынастарды ғана реттейді. Бұл бұйрықтың нормалары тасымалдаушылардың жеке тұлғаларға жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларға және КО кедендік аумағына халықаралық почта жөнелтілімдері арқылы жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар үшін қолданылмайды", - деп мәлімдеді Ж.Сұрағанов.
Сонымен қатар ол бұйрықтың интернет-дүкендерге қатысы жоқтығын айта кетті.
"Бұл бұйрық сіз жеке өзіңіз шекарадан өткен жағдайларға қатысты. Кейде сіздің жүгіңіз сізбен бірге емес, яғни сізден бұрын немесе сізден кейін жеткізілуі мүмкін - осы жөнелтілетін жүк деп аталады. Біз қазақстандықтарды сәлемдеме алуда шектемейміз. Интернет сәлемдемелер үшін мөлшерлік шектеулер жоқ", - деді ол.
Қазақстандықтар баж салығынсыз жөнелтетін және қабылдайтын тауар түрлерінің тізімімен
мына жерден көре аласыз.