Экономика
Выбор редактора
Девальвация қызметкерлердің жалақысына қаншалықты әсер етті?
HiPO.kz ресурсы қазақстандық компаниялардың қызметкерлері арасында сауалнама жүргізіп, теңге девальвациясының олардың жұмысы мен тұрмысына қаншалықты әсер еткенін сұрастырған.
Жүргізілген сауалнама нәтижесінде Қазақстанның алдыңғы қатарлы компаниялары қызметкерлерінің 50%-ға жуығы теңгенің құнсыздануы мен жалақысының көлеміне байланысты жұмыс орнын ауыстырғысы келетінін айтқан.
Сауалнамаға Fortebank, Цеснабанк, Air Astana, Procter & Gamble, ҚазТрансГаз Аймақ, PwC Kazakhstan, «Хабар агенттігі» АҚ, Kaspi Bank, Halyk Bank, ASTANA MOTORS, Chocolife.me, TengizChevroil, Agip Karachaganak, Нұрбанк, Danone, Deloitte компанияларының қызметкерлері қатысқан.
Нәтижесінде сауалнамаға жауап бергендердің 90%-ы жалақыларын теңгемен алатындығы белгілі болды. Яғни, онның бірі ғана өзге валютамен алады.
Өз жалақыңыздың теңге девальвациясына байланысты индекстелуін күтесіз бе деген сұраққа басым бөлігі (60%-дан артығы) "жоқ" деп жауап берген. Әрбір үшінші қатысушы жалақының өсуін күтеді.
Қазіргіден жоғарырақ жалақысы бар жұмыс іздеуді барлық сауалнамаға қатысқандардың 44%-ы жоспарлаған. Ал, 50%-ы өзгертпейтіндіктерін жеткізді.
Жартысы басқа жұмыс іздемейміз дегенмен, балама тәсілдерді қарастыратындықтарын жасырмады. Мәселен, сол жұмыспен қатар қосымша табыс табуды да көздеп отырса керек.
Сауалнамаға қатысқандардың кейбірі жеке кәсібін бастауды да ойластырып жүрген көрінеді.
Мұндай қиын экономикалық ахуал орын алған кездің өзінде бізді қуантатын екі дүние бар. Біріншіден, сауалнамаға қатысқандар жалақысы жоғарырақ жұмысты іздейтіндіктерін айтты. Демек, жалақысы көп жұмыс жауапкершілік пен қабілеттілікті де көбірек талап етеді. Бұл болса, кәсіби өсім көрсететін фактор деуге болады. Екіншіден, қосымша жұмыс іздеп, ақша табуға деген ниеттің бар болуы. Қалай болған күннің өзінде бұл жұмыс іздеуде үлкен белсенділік болатындығын көрсетеді.
*Сауалнамаға 312 адам қатысқан. Өткізілген уақыты - 2015 жылдың 25-27 тамыз аралығы.
Ақпарат көзі: HiPO.kz.