Жамбыл облысы. 29 қыркүйек. 7kun.kz – «Қазфосфат» ЖШС-ға тиесілі фабриканың төбесі опырлып, салдарынан бір адам көз жұмып, тағы үшеуі жараланды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оқиға 13 қыркүйекте болған. Сарысу ауданы полиция бөліміне аудандық ауруханадан зардап шеккендер туралы хабар түскен.
Анықталғандай, «Қазфосфат» ЖШС-ға тиесілі Орталық байыту фабрикасының шатыры опырылып, сонда жұмыс істеп жатқан үш қызметкер түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ал тағы бір 58 жастағы жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.
Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі (Еңбекті қорғау ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еңбек инспекциясы арнайы тексеріс жүргізуде. Қажетті сот-медициналық және сот-құрылыс сараптамалары белгіленді.