Алматы. 26 шілде. 7kun.kz – Жамбыл облысында шетелдік инвесторлар бірнеше жобаны инвестициялайды.
Мәселен, Сарысу ауданында 2022 жылы 270 млн долларға кальцийленген сода өндіру зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс қуаты жылына 400 мың тонна өнімді құрайды, келешекте жылына 1,2 млн тоннаға дейін өседі. Сонымен қатар, қазіргі уақытта өңірде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта түрік тарапы 1 млн доллар инвестиция салды.
Сонымен қатар, қытай компаниясы аймақта карбамид өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Зауыт құрылысы 216 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Чехиядан келген инвестордың қаржыландыруының арқасында 112,5 млрд теңгеге бидайды терең өңдейтін зауыт ашылады. Жаңа кәсіпорын жылына 160 мың тонна бидай өңдейді деп күтілуде. Қазіргі уақытта бұл жоба жоспарлау және келіссөздер сатысында.
Сондай-ақ, аймақта Ресеймен бірлесіп минералды тыңайтқыштарды өңдейтін зауыт салынуда. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. 2019 жылы ПЭТ полиэтилен терефталатын қайта өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарлануда. Жобаның құны – 3,8 миллион теңге.
АҚШ инвесторының көмегімен биылғы жылы құны 16,5 млрд теңге болатын сұйытылған газ өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, өңірде алтын өндіру бойынша жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, облыста тау-кен металлургия комбинаты салынып, алтын кен орындары игерілуде. Құны 135 млрд теңгеге бағаланады. Инвестор – неміс компаниясы. Сонымен бірге, Жамбыл облысындағы Дюкарев алаңында алтын кендерін және олармен байланысты компоненттерді барлау 355 миллион теңгеге бағаланды. Minerals Gold жобасы қаржыландырады.
Сонымен қатар, 79,8 млрд теңгеге «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында қант зауыты салынады. Пайдалануға беру 2021 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Кәсіпорынның күтілетін қуаты тәулігіне 8 мың тоннаны құрайды.