Алматы. 20 мамыр. 7kun.kz — Жамбыл облысының бірқатар кәсіпорындарының қызметкерлері жалақыларын толық ала алмай жүр. Бұл туралы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев хабарлады.
«Облыстың кәсіпорындары қызметкерлерінің жалпы қарызы 501 млн теңгені құрады. Біз жүргізген жұмыстардан кейін 325 миллион теңге төленді. Бүгінгі күні «Энергия-Тараз» ЖШС, «Мерке асыл тұқымды зауыты» АҚ, «Жаңатас-Су-Жылу» АҚ, «Хантау Mining» ЖШС, «Хентавинг» ЖШС, «ПроектСтройГаз» ЖШС, «TаразХимМонтаж» ЖШС қызметкерлеріне қарыз болып қалды. Борыштың жалпы сомасы 176,1 миллион теңгені құрайды. Осы соманың 39,3 миллион теңгесі – ағымдағы жалақы бойынша қарыз, 52,6 миллион – мерзімі өткен жалақы бойынша, 84 миллион - банкроттық және оңалту рәсімдеріндегі жалақы бойынша үлес», - деді спикер.
Бұған дейін облыс кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы төлемеу мәселесі Жамбыл облысы әкімдігінің, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырысы барысында қаралды.
Сондай-ақ, Балабек Нарбаев үш жақты комиссия отырысында кәсіпорын басшыларына жалақы бойынша қарызды толық немесе ішінара өтеудің соңғы мерзімі – ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін белгіленгенін атап өтті.
Бұл ретте борышкер кәсіпорындардың өкілдері комиссия мүшелеріне белгіленген мерзімде төлем жасау екіталай екендігін түсіндірді. Бірқатар кәсіпорындар қазіргі уақытта қиын жағдайда тұр, өйткені ұсынылған тауарлар мен қызметтер үшін ақша ала алмайды.
«Таяу уақытта біз істің нақты жағдайын зерттеу үшін ғана емес, сондай - ақ осындай жағдайға алып келетін тәуекелдерді анықтау үшін облыс кәсіпорындарының болжамдық мониторингі бойынша жұмыс жүргіземіз», - деп түсіндірді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.