Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жаңа ашылған академия туризм және сервис мамандарын дайындайды

Жаңа ашылған академия туризм және сервис мамандарын дайындайды

Көкшетау. 22 қыркүйек. 7kun.kz - Бүгін Көкшетау қаласында Кәсіпкерлер палатасы және облыс әкімдігінің қолдауымен Туризм және қызмет академиясы ашылды, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.

Ерекше жобаның мақсаты - туризм саласының сапа стандартын көтеріп, қонақ үй, мейрамханалардың қызмет сапасын арттыру, кәсіби мамандар дайындау.

"Жоба аясында мықты бизнес-тренерлерді шақырмақпыз. Бұл ретте Түркияның «Анталия Консалтинг» агенттігімен мәмілеге қол қойдық. Бізге студенттеріміздің оқып, кейін Түркияның ең мықты қонақүйлерінде тәжірибеден өткені өте маңызды", деді таныстырылым шарасында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев.

Оның айтуынша қазір Испаниямен келіссөз жүргізілуде. Финляндияның тәжірибесі де зерттелмек. Оқу курсы даяшы, бармендер, әкімшілер, техникалық қызметкерлер, топ-менеджерлерді де қамтиды.

Бүгінгі таныстырылым шарасына Ақмола облысынан 70-ен астам ресторатор мен қонақ үй иесі қатысты. Олардың айтуынша маман мәселесі өте өзекті. Академияның ашылуы бұл олқылықтың орнын толтырады.

Таныстырылым шарасы барысында облыстық туризм басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы, жаңа ашылған академия арасында мәмілеге қол қойылды. Оған сәйкес үш тарап туризм мамнадарын дайындауды бірлесе атқармақ.

Айта кетейік, Қазақстанның туристік саласын дамыту  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту туралы тұжырымдамаға сәйкес жүргізілуде. Туризм саласы үшін кадрлар даярлау аталған тұжырымдаманың басты бағытының бірі. Ақмола облысы осы тұжырымдама жергілікті деңгейдегі төрт туристік кластердің бірі ретінде белгіленген. Еліміздегі ең көрікті өңірлер Алакөл, Баянауыл, Балқаш көлдерімен қатар, мұнда Щучинск-Бурабай шипажайлық аймағында жағажайлық және сауықтыру туризмін дамыту қолға алынған.

Облыстың туризм басқармасының дерегіне сүйенсек мұндағы туризм кластері 700-ден астам туристік кәсіпорынды қамтиды. Кластердің мәдени-тарихи сегменті - 900-ге жуық ескерткіш бар. Облыста туроператорлар табысты жүзеге асырылған және туристік маршруттардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген шамамен 80 туристік маршрут бар.

 

Похожие материалы