Экономика
IT, Технология
Жапонияда роботтар қызмет көрсететін тұңғыш қонақ үй ашылды
Нагасаки префектурасында роботтар қызмет көрсететін әлемдегі ең алғашқы қонақ үй ашылды. Ол қонақ үйдің атауы - Henn-na. Әзірге аталған жерде роботтардан бөлек он шақты адам жұмыс істейді деп хабарлайды «Моя планета».
Henn-na қонақ үйінде он механикалық гуманоид қызмет етеді: ресепшенде 3 әкімші, төрт швейцар, екі бөлме тазалаушы және бір гардеробшы. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта қонақ үй қызметкерлерінің 90 пайызы жасанды интеллект өкілдері болмақ.
Роботтарды Koroko компаниясы құрастырған. Ресепшендегі роботтар сүйкімді жапон қыздарынан аумайды. Олар тыныс ала алады, көздерін ашып-жұмып, қарсы алдындағы адамдармен байланыс орнатады, бірнеше интонацияға ие және жапон, қытай, корей, ағылшын тілдерінде еркін сөйлесе алады.
Ресепшеннен тіркеуден өткен соң қонақ үй қонақтарын заттарды қажетті бөлмеге дейін жеткізетін портье-робот күтіп алады. Мұндай бұрын тек қана Нью-Йорктегі Yotel қонақ үйінде ғана болған еді.
Одан бөлек, жапон қонақ үйінде кофе әзірлеуге, бөлме тазалауға, таза киімдер жеткізуге жауап беретін роботтар да бар. Оларды шақыру үшін сізге планшеттегі бірнеше батырманы басу керек. Айта кететіні, қонақ үйге кірер кезде арнайы орнатылған бағдарламасы бар құрылғы қонақтарға тегін беріледі.
Роботтар қызмет еткенімен қатар, қонақ үйдің өзі де соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған. Бөлмелердің есіктерінде адамның түрін тану технологиясы, бөлме ішінде дене температурасын өлшеуге арналған жүйе орнатылған. Және де қонақ үй күн энергиясын пайдаланады. Иелердің айтуынша, бұл шығындарды азайтуға және бағаны тұрақты ұстап тұруға көмектеседі.
Әзірге қонақ үй екі қабатты, ішінде 72 бөлме бар. Десе де, келесі жылы бөлмелер санын екі есе арттыру жоспарланып отыр. Жоғары технологиямен жабдықталғанына қарамастан, бағалары аса қымбат емес: бір орындық бөлме - бір күнге 60 доллар, үш орындық - 153 доллар.