Алматы. 30 қаңтар. 7kun.kz – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысында инвестиция тарту бойынша жоспарды орындамаған өңір әкімдерін сынады. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында инвестиция тартуда артта қалған облыс әкімдерін сынға ұшырады.
«Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестиция деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», – деді Смайылов.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық.
Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі.
Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.
«Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді», – деді Смайылов.
Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.
«Инвестициялардың 60%-дан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестиция көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын», – деді Смайылов.
Сонымен қатар премьер Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.
«Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет», – деді поемьер.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестицияларды тарту туралы айта отырып, олардың көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша $22,1 млрд-ты құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық екенін баяндады. Атап айтқанда, машина жасау, жаңартылатын энергетика, ТМК, металлургия, АӨК және т. б. салаларда шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.
Үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.
Премьер-министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.