Жастардың жартысынан көбі Алматы мен Шымкентте және оңтүстіктегі 4 облыста – Мәулен Әшімбаев
Нұр-Сұлтан. 20 мамыр. 7kun.kz – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев парламенттік тыңдауда Қазақстандағы жастар жұмыссыздығының нақты деңгейін атап өтті. Жоғарғы палата басшысының мәліметінше, жоғары білімі бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Мәулен Әшімбаев елдегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен екенін айтты. 2020 жылы ол 3,8% - ды құраған. Алайда, оның айтуынша, балама зерттеулер басқа тенденцияны көрсетеді.
"Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы респонденттердің шамамен 12%-ы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40% – дан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді", - деп мәлімдеді Сенат Төрағасы.
Ол, сондай-ақ, өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктер, ауылдардан қалаларға қоныс аударатын жастар жұмыссыздық деңгейін арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар, спикер қазіргі таңда қазақстандық жастардың басым бөлігі оңтүстік аймақтарда тұратынын айтты.
"Оңтүстік төрт өңірде – Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында, сондай- ақ, Алматы мен Шымкент қалаларында қазақстандық жастардың жартысынан көбі тұрады. Бұл осы аймақтардағы әлеуметтік мәселелерді қиындатады", – деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.