Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жастарға 2,5%-дық микрокредит қашан беріледі

Жастарға 2,5%-дық микрокредит қашан беріледі

Алматы. 8 ақпан. 7kun.kz – Кәсібін ашуға ынталы жастарға 2,5% шағын несие наурыздан бастап берілуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Оның айтуынша, шағын несиені 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар ала алады. Микрокредит алу үшін азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы керек. Бұл ретте тіркеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт.

«Осы жылы елімізде 5796 шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 29 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылған. Несие Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Қазір жергілікті бюджетке қаражат аудару үшін келісімшарттарға қол қою жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс аяқталған соң, Аграрлық несие корпорациясы мен жергілікті әкімдіктер өзара келісімшарт бекітеді. Кейін наурызда біз осы жұмысты бастаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Ниязов.

Микрокредит 5 млн теңгеге дейін 5 жылға беріледі, ал бизнес ауыл шаруашылығымен, мал өсірумен байланысты болса, 7 жылға дейін беріледі. Пайыздық мөлшерлемесі – 2,5%,  Кепілдік қою міндетті.

«Несие 2,5% болса да, ол қайтарылуға тиіс қаражат, грант емес. Қайтарымы болған соң, оны кепілсіз бере алмаймыз. Заңнама талабына сәйкес, бюджеттік несиелеу кепілдіксіз жүрмейді», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Оның айтуынша, ауылдағы үй немесе арнайы техника да кепіл ретінде қабылданады. Кепіл ретінде отбасы мүшелерінің, туыстарының мүлкін де көрсетуге болады. Мүлікті бағалау жұмыстарын Аграрлық несие корпорациясы жүргізеді. Микрокредит ауыл жастарына секілді қала жастарына да беріледі. Бизнес түрі бойынша да ешқандай шектеу жоқ.

Похожие материалы