Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға өзгерістер енгізілмек

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға өзгерістер енгізілмек

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасына енгізілген соңғы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Қайрат Миятовтың айтуынша, заң жобасын мемлекеттік органдардың бәрі мақұлдап отыр.

«Бүгінде Қаржы министрлігі «Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеп, аяқтады. Заң жобасы мен ілеспе заңдардың жобасын бүкіл мемлекеттік органдар мақұлдады. 19 наурызда Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілді», - деді ол.

Құжат жобасында жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеудің үш жолы ұсынылып отыр. Олар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру. Бұл жерде борыштың көлемі мен мерзімі негізге алынады.

«Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Бұл жол тұрақты табысы жоқ, борышын өтеу мүмкіндігінен айырылған адамдарға арналған. Банктердің, микрокредиттік ұйымның, коллекторлардың алдындағы қарыздың көлемі 4 млн 900 теңгеден аспауы керек. Бұл 1600 айлық есептік көрсеткіш деген сөз.

Ресми табысы жоқ, былайғы табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс көлемінен (36 018 теңге) аспайтын азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімдей алады. Борышкердің атында мүлік болмауы керек және қарыз бойынша банктермен реттеу процедурасын жүргізуі керек. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микрокредиттік ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша қолдануға болады», - дейді Қайрат Миятов.

Ұсынылып отырған заң жобасы бойынша, соттан тыс банкроттық туралы өтініш «Электрондық үкімет» web-порталы арқылы беріледі. Содан кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде кірістер мен мүліктің, сондай-ақ сот шешімдерінің болуы тұрғысынан басқа мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізіледі.

«Тексеру нәтижелері бойынша борышкерге соттан тыс банкроттықтан бас тартылғаны немесе басталғаны туралы хабарлама жіберіледі. 4,9 млн теңгеден асатын қарыздың барлық түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығын қолдана алады», - деді Миятов.

Похожие материалы