Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жеміс-жидек бағасының қымбаттауы байқалады

Жеміс-жидек бағасының қымбаттауы байқалады

Қарағанды. 24 маусым. 7kun.kz - Қазақстанда жеміс-жидек бағасы аспандап кетті. Бағаның қымбаттауы Қарағанды облысында көбірек байқалады. Оған себеп - өткенде орын алған сел. Жергілікті ауыл шаруашылық өнімі жоқ. Ал, басқа жақтан әкелінгенін алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. 

Бүгінде қарағандылық зейнеткер Мария Гавриловнаның сатылымға әкеле алатыны - аскөк пен жасыл салат қана. Бау-бақша өнімдерінен ештеңе қалмаған. Бәріне себеп - осы жылғы су тасқыны.

«Таңқурай мен құлпынай малмаңдай су болды. Аздаған бөлігі аман қалған еді. Бірақ, кейін бізге су берілмей бәрі құрыды», — дейді зейнеткер.

Бау-бақша өнімдерінің жетіспеушілігі бағаларға әсер етері сөзсіз. Осы жылы Қарағанды аумағындағы біраз бағбандық қоғам су астында қалды.

«Әсер етеді дейтін себебіміз, құлпынай мұлдем жойылды, тіпті түптерінің өзі жоғалған. Жидек енді шықпайды. Қарақат та шықпайды. Әрине, осыдан соң барлығы қымбат болады», — дейді бағбан Зинаида Майбродская.

Басқа жақтан әкелінетін жемістер бағасы қымбат. Қызыл шиенің бағасы тіпті көтеріліп кеткен - килограмына 1200 теңгеден 1600 теңгеге дейін. Жаңа түсім алмалары 450 теңгеден, алхоры, өрік, шабдалы - 400 теңге мен 600 теңге шамасында. Алматының құлпынайы болса, 1000 теңгеден 600 теңгеге арзандады.

«Осы жылғы көктемнің кеш келуі мен ауа-райының ахуалына байланысты жемістер кешірек піскен. Сол себепті осы бағалар әлі тұр. Бірінші піскен кезінде аяздан үсіп кеткен», — деп түсіндірді Қарағанды ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы Ырсалы Сартбаев.

Десе де, Ұлттық банктің мәліметтеріне орай ауа-райы жағдайынан бөлек, жеміс-жидек бағаларының қымбаттауына инфляцияның да әсері біршама. Осылайша азық-түлік бағасы соңғы 12 ай ішінде 5 пайызға қымбаттаған. Ал, көкөніс пен жеміске қатысты айтар болсақ, орта есеппен бағаның өсімі жарты пайызға жуық.

Похожие материалы