Алматы. 10 маусым. 7kun.kz - Алматыда жеке тұрғын үй құрылысын салуға берілген жерлер толық игерілген, ал жаңа аумақтар салу қаланың бас жоспарында қарастырылмаған. Сондықтан мегаполисте бос жатқан жерлер мүлдем жоқ. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімдігінде өткен жер комиссиясының отырсында қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Алтынбек Ахметов хабардар етті.
"Азаматтардан барлығы 4 337 өтініш түсті. Алайда, олардың 45 пайызының Алматы тұрғыны емес екендігін атап өтпекпін. Бұдан өзге, көпшілік арасына отбасының әрбір мүшесі өтініш бере алады деген жалған ақпарат тараған. Мен азаматтарды текке арандап қалмауға шақырамын. Алматы аумағында бос жатқан жер телімдері мүлдем жоқ, сондықтан жеке тұрғын үй салу үшін жер беру мүмкін емес", - деді Алтынбек Ахметов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де Алматы қаласының әкімдігі қалада жеке тұрғын үй салу үшін бос жатқан жерлердің жоқ екендігін хабарлаған болатын, соған қарамастан қала әкімдігіндегі кезек еш азайған жоқ деді қоғамдық кеңес мүшелері.
«Біріншіден, Алматы аумағында жер телімдерінің жоқтығынан Алматының бас жоспарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлу қарастырылмаған. Азаматтардың жер беру туралы жазған өтініштеріне жердің жоқ екендігі жөнінде жауап берілсін. Екіншіден, ақпараттық - насихаттық шаралар аясында жер комиссиясының жұмысы барынша күшейтілсін», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Мәкежанов.
Жер комиссиясының отырысына қатысушылар 2006 жылы өтініш бергендердің барлығы жер берілмейтіндігі туралы хабардар етілгені жөнінде айтты.