Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Жолан Омаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік желілерде көпті дүрліктірген жер төңірегіндегі даулы тақырыпқа қатысты өз пікірін білдірді.
"Шетелдік азаматтарға бір шаршы метр де жер сатылмайды. Бұл мәселеде алаңдауға еш негіз жоқ. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктер, үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар мен оралмандар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады. Осы уақыт аралығында оларға беріп қойып жайбарақат қарап отырмаймыз, әрине. Жалға алушы жерді тиімді пайдалануда ма, құнарлылығын жоғалтып қойған жоқ па, заңдық тұрғыдағы тағы да осы сынды талаптар шеңберінде тексеру, бақылау жұмыстарын жүргізіп отыратын боламыз", – деді Ж. Омаров.
Брифинг барысында ол Алматы облысындағы жер қоры 2015 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 22 356,0 мың гектарды құрайтынын айтты. Оның ішінде ауылшаруашылық алқаптары – 15 848,0 мың га.
Облыс бюджетіне ауылшаруашылығы мақсатындағы емес жерлерді сатудан, конкурс арқылы жалға беруден және жер салығын жинаудан 2016 жылдың I тоқсанында 671,1 млн теңге түскен.
Ж. Омаровтың сөзінше, облыстың барлық аудан-қаласында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге ревизия жүргізу бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар 2015 жылы игерілмей жатқан 272,73 мың га жерді анықтаған. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде 14,41 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 77,38 мың га жердің иелері жерлерін пайдалануға кіріскен. Ал, 53,88 мың га жер иесіз мүлік ретінде есепке алынған.
Баршаға мәлім, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер аукцион арқылы жекеменшікке сатылады. Алматы облысында да ағымдағы жылда аукционға шығарылатын жерлердің тізімі әзірленді. Жетісу өңірі бойынша аукционға жалпы аумағы 94,4 мың га (90,8 мың га жайылым, 3,2 мың га егістік, 0,4 мың га шабындық) 651 жер учаскесі шығарылады.
2016 жылдың 1 шілдесіне дейін уақытша жер пайдаланушылардың жер учаскелерін жекеменшікке сатып алуға ниет білдіргендер саны – 211, жер телімдерінің жалпы аумағы – 9,4 мың га (9,1 мың га жайылым, 0,3 мың га егістік, 0,04 мың га шабындық). Жер учаскелерін жекеменшікке сатудан 239,4 млн. теңге түседі деп күтілуде.
Ал, облыс аумағында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің құны қанша дегенге тоқталар болсақ, олардың алқап түрлеріне байланысты құны әртүрлі. Топырақтың құнарлылығына қарай (балл-бонитетіне) суармалы егістік жерлерінің бағасы 90-127 мың теңге аралығында, суарылмайтын егістік – 14-31 мың теңге, шабындық жер – 12-13 мың теңге, жайылымдық жер 2-10 мың теңге аралығында бағаланады.