Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілер арасында тіл сайысы өтті

Жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілер арасында тіл сайысы өтті

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысының екінші кезеңі өтті. Аталған сайыс Ұлттық ұланда дәстүрге айналып, бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын сайыстың талабы күшейіп, заманға сай жаңалықтар енгізіліп отырады. Тіл тақырыбы ғана емес, тарихты, салт-дәстүрді, отансүйгіштікті насихаттаған шараның жеке құрамды тәрбиелеуде атқарып келе жатқан рөлі зор.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылыққа қарасты Алматы, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған қалалары мен Алматы облысының Заречный кентінен шақырылған ұландық сайыскерлер Алматы қаласында өткен шараға үлкен дайындықпен келген. Сайыскерлер алдымен өздерін таныстырудан бастады. Сайысқа сегіз үміткер қатысты, атап өтсек, 6506 әскери бөлімінен прапорщик Евгений Митькин, 5571 әскери бөлімінен қатардағы Руслан Калоша, 6698 әскери бөлімінен сержант Нураддин Мустафаев, 5513 әскери бөлімінен капитан Егор Астахов, 5572 әскери бөлімінен капитан Вадим Рябухин, 3650 әскери бөлімінен қатардағы Исламжан Кожмабердиев, 5547 әскери бөлімінен сержант Константин Магрицкий,  3660 әскери бөлімінен қатардағы Дамир Левченко  бақ сынасып, өз бөлімдерінің намысын қорғады.

Мақал-мәтел айтудан жарысқа түскен әскерилер арасында капитан Вадим Рябухин қатарластарынан оқ бойы озып шықса, қазақы дәстүрге сай киім үлгісімен шығып, «Ассалаумағалейкум арда қазақ» - деп өзін таныстырған прапорщик Евгений Митькин көрерменді бірден баурап алған еді. Өз кезегінде Кеңес одағының екі мәрте батыры атағын алған Талғат Бегалдиновты сомдаған капитан Егор Астахов көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

 

Ал сайыскерлер ішіндегі сержант Нураддин Мустафаевқа төтеп берер қарсылас болмады. Жас келсе, іске деген осы болар. Нураддиннің сөз саптауы, ой қорытуы, таным-түйсігі мен білімі артымызда келе жатқан жас толқын ұрпақтың шығар биігін көрсеткендей. Оның рухтанып, арқаланып айтқан «Атамекен» әніне делебесі қозып қарап отыра алмаған көрермендер де қосыла кетті.

Сондай-ақ, тіл байқауының барысында Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл, Менің Отаным - Қазақстан, Бегалдинов биігі, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев, тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны тақырыптарында шешен сөйлеуге талпыныс жоғары болды.

Сайыс қорытындысы бойынша көрермендер көзайымы болған 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, орыс халқының өкілі, прапорщик Евгений Митькин арнайы грамотамен марапатталды. 5572 әскери бөлімінен келген капитан Вадим Рябухин 3-орынды, 6698 әскери бөлімінен қатысқан сержант Нураддин Мустафаев 2-орынды, ал 5571 әскери бөлімінен сайысқа түскен қатардағы Руслан Калоша 1-орынды иеленіп, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

"Ұлттың киесі – тілінде. Тіл – адамды өркениетке жетелейтін рухани күш екенін біз ешқашанда естен шығармауымыз керек. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі де  құдіретті. Ана тілі - халық тарихымен бірге жасап, ұрпақтан ұрпаққа қатынас құралы ретінде қызмет етіп келеді. Бұл күнде тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие. Жаңа әлемдегі дамыған, жаңа Қазақстанның тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың басты қағидасы. Сондықтан ана тілімізге құрметпен қарайық", - деді сайыскерлерді марапаттау барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығындағы тіл бөлімінің бастығы полковник Әлішер Әбдірәсіл.

Түстен кейін тіл мамандарының тәжірибе алмасу мақсатындағы іс-шаралары жалғасын тапты. Мемлекттік тілді оқыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек ҚАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің запастағы подполковнигі, педогогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Салтанат Дүйсенова «Әскери салада мемлекеттік тіл қолданысын жетілдірудің өзекті мәселелері», А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәрсенбай Құлманов «Қазақ терминологиясының даму белестері» тақырыбында ақпараттық-танымдық сабақ өткізді.

Ал байқаудың екінші күнінде сайысқа тіл мамандары түсті. Мамандар арасында шеберлік сабақтары өткізіліп, өзара тәжірибе алмасты. Атқарған жұмыстарына есеп берді. Мемлекеттік тілді қызметке енгізу, оқыту насихаттау жұмыстары бойынша 5513 әскери бөлімінің әдіскері аға лейтенант Динара Жақсыбаева 1-орынды, 5571 әскери бөлімінің әдіскері лейтенант Мерей Байсеркеева 2-орынды, 6506 әскери бөлімінің тіл маманы кіші сержант Нұргүл Мұсаева 3-орынды иеленді.

Шара соңында байқауға қатысушылар мен тіл мамандары әсем Алматы шаһарының мәдени демалыс орындарын және Ғ.Мүсіреповтің үй-музейін тамашалады.

Майор Бақыт Әліпбаев

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Похожие материалы