Жетісулық тұрғын банктен 2,7 млн теңге несие алып, оны «жалған полицейлердің» есепшотына аударған
Жетісу облысы. 23 тамыз. 7kun.kz – Қаратал ауданының 53 жастағы тұрғыны алаяқтардың құрбаны болып, екінші деңгейлі банктен , 2,7 млн теңге несие алып, алаяқтардың есепшотына аударған, деп хабарлайды 7kun.kz.
Өзін жоғары дәрежелі полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқ жәбірленушіге WhatsApp мессенджерін пайдалану арқылы ұялы телефонға қоңырау шалған. Ол әйелдің жеке мәліметтерін ірі көлемде ақшалай несие алу үшін пайдаланды деген алаяқтар тобына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқандарын айтқан.
Сенімге кіру үшін, WhatsApp желісі көмегімен жәбірленушіге құқық қорғау ведомствосы қызметкерінің жалған куәлігін, сондай-ақ міндетті суреттері, мөрлері және аймақтық полиция бөлімшелерінің бірінің басшысының қолы қойылған бірнеше құжатты көрсеткен.
«Алаяқтар жәбірленушіні өз сөздерінің дұрыстығына сендіріп, оны банктен үлкен несие алуға және олар көрсеткен шотқа жіберуге мәжбүр етті. Қазіргі таңда біз ақша қаражатының жолын қадағалауға тырысып жатырмыз», – деді Жетісу облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Руслан Чарапиев.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тіркелді.