Қазақстан Үкіметі 2020 жылға дейін Жезқазған, Сәтпаев қалаларын және Қарағанды облысының Ұлытау ауданын дамытуға 351,5 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр деп жазады Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты.
"Бүгін үкіметте премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен 2012-2020 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтпаев қалаларын және Қарағанды облысының Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыру мәселелері жөніндегі кеңес болып өтті", - делінген хабарламада.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін қаржыландырудың барлық көздерінен 351,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде қазіргі кезде 33,4 млрд теңгесі тиісті бағыттарда жұмсалынған деп айтылады пресс-релизде.
Кешенді жоспар 88 іс-шарадан тұрады, олардың 13-і 2012-2014 жылдар аралығындағы кезеңде аяқталған.
"Ұлытау ауданының Никольское кен орнында атпалы жыныстардың (құрылыс тасының) өндірісі ұйымдастырылды, Жезқазғандағы орталық аурухананың және Сәтпаевтағы қалалық емхананың медициналық жабдықпен жабдықталуы қамтамасыз етілді. Жезқазғандағы мамандандырылған емдеу-профилактикалық кәсіпорны мен Ұлытау аулындағы орталық аудандық аурухана ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, медициналық жабдықтар әкелінген. Сонымен қатар Жезқазғандағы тігін өндірісі модернизациялаудан өтіп, кеңейтілді", - деп айтылады хабарламада.
2015 жылы тағы 17 іс-шара аяқталуы жоспарланып отыр.